Алматының орталығында интим қызмет көрсеткен екі пәтер анықталды

Pixabay.com

Алматы полициясы Алмалы ауданындағы ақылы интим қызмет көрсетілуі мүмкін екі пәтерді анықтады. Екі әйел ұсталды. Олардың бірі – шетел азаматы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Алғашқы хабарлама Төле би даңғылындағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерге қатысты түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы барып, ақпаратты растады. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

– Пәтерде болған әйел полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оның жеке басы анықталып, құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деп хабарлады полиция.

Шетелдік әйел ұсталды

Полиция қызметкерлері Шевченко көшесіндегі екінші пәтерді де тексерді. Онда ақылы интимдік қызмет көрсетті деген күдікпен 31 жастағы шетелдік азаматша ұсталды.

– Қазір оның Қазақстан аумағында заңды жүрген-жүрмегені және көші-қон заңнамасын бұзған-бұзбағаны тексеріліп жатыр, – деп мәлімдеді полиция.

Полиция әйелдің қай елдің азаматы екенін нақтылаған жоқ.

Контекст

Еске салайық, маусымда Солтүстік Қазақстан облысында Kizdar.net сайтына қатысты іс бойынша елде алғаш рет сот үкімі шықты. Бұл сайтта интимдік қызмет ұсынатын адамдардың анкеталары жарияланған.

Трансұлттық топтың жетекшісі 10 жылға, ал қалған қатысушылары 8 жылға сотталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сайтта шамамен 9 мың анкета болған. Оның иелеріне ай сайын 500 миллион теңгеден астам табыс әкелген.

Сізге қызық болуы мүмкін