Қазақстанның мұнай өндірісі азайып кетті – табыс түспей жатыр

Аян Өрібай

Бұл фактор жалпы ішкі өнімнің өсіміне кері әсер еткен. Экономикадағы өзекті мәселе Үкіметте талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

БАЙБАЗАРОВ НЕ ДЕЙДІ

Жиында баяндама жасаған вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, биыл қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4% құраған. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде үшінші ай қатарынан өсімнің жеделдеуі байқалады. 

– Нақты сектордағы өсім 5% құрады. Көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 3,8%-ке артты. Биыл экономиканың өсуі толығымен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде. Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Көлік қызметі 8,0%-ке, байланыс 6,4%-ке, сауда 6,3%-ке, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ке өсті. Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65%-і сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ке өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ке, білім беруде – 79,3%-ке, көлікте – 31,1%-ке, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3%-ке, денсаулық сақтауда – 4,8%-ке өсті, – дейді ол.

Байбазаровтың сөзінше, үздік көрсеткіштер Алматы, Жетісу, Павлодар, Қызылорда және Түркістан облыстарында байқалады. Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында инвестициялар айтарлықтай төмендеген.

ЖІӨ-ГЕ КЕРІ ӘСЕРІ

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің мәліметінше, мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарған. Баяндаманы тыңдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов мұнай өндірісі төмендеп кеткеніне назар аударды.

– Бұл ЖІӨ өсуіне кері әсерін тигізді. Алайда мұнайдың тыс сектордан табыс түсіп жатыр. Бұған экономиканы әртараптандырудың арқасында қол жеткізілді, – дейді ол.

Бектенов қазір өсімге қол жеткізе алмаған әкімдерді тыңдап жатыр.