Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының хабарлауынша, елорда тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағу ұсынылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АСТАНА АУРУХАНАЛАРЫНДА МАСКА РЕЖИМІ ЕНГІЗІЛДІ
1 қазаннан бастап Астанадағы барлық медициналық мекемелерде міндетті маска режимі енгізілді. Бұл маусымдық тыныс жолы инфекцияларының көбеюімен байланысты, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты инфекциялық ауруларды бақылау басқармасының жетекшісі Айгүл Катренова.
ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА — ҚАЛАУ БОЙЫНША
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, дүкендерде, ХҚКО-ларда және сауда орталықтарында маска тағу әзірге міндетті емес, себебі бас санитарлық дәрігердің арнайы қаулысы шықпаған.
ДӘРІГЕРЛЕР МАСКА ТАҒУДЫ ҰСЫНАДЫ
Алайда дәрігерлер суық тию белгілері — жөтел, мұрыннан су ағу немесе дене қызуы жоғары болған жағдайда маска тағуға кеңес береді.
«Эпидемиялық маусымды ескере отырып, біз маскаларды қолдануды кеңінен ұсынамыз. Егер сізде жөтел секілді респираторлық инфекция белгілері болса және үйден шығуға мәжбүр болсаңыз — міндетті түрде маска тағуыңыз керек. Егер денсаулығыңыз жақсы болса да, ХҚКО немесе сауда орталығына барсаңыз — маска тағуға ешкім тыйым салмайды, керісінше, бұл ұсынылады. Біз жағдайды бақылауды жалғастырып жатырмыз», — деді Смағұл.
МАСКА ТАҒУ ҚАЖЕТТІЛІГІ ӘЛІ ДЕ БАР
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта аурушаңдық маусымдық деңгейде. Дегенмен маска тағу қажеттілігі сақталып отыр.