«Белсенді жұмыс істегенде»: Бектенов әкімдер мен министрлерге шүйлікті

Аян Өрібай

Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір сала мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді. Экономикалық көрсеткіштер талқыланған Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет басшысының айтуынша, артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек.

– Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар. Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде   қаржылық тәртіпті   қатаң қамтамасыз ету керек. Барлық мемлекеттік органдар инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды мақсат етуге тиіс. Көріп отырғанымыздай, инвестиция тарту деңгейі төмендеп барады, – дейді ол.

Үкімет басшысының сөзінше, 11 өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізбеген. 11 салада инвестиция тарту көрсеткіші өте төмен. Олардың ішінде туризм, ақпарат және байланыс, резеңке және пластмасса бұйымдары, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерінің өндірісі бар. Салалық министрліктер мен әкімдіктер өнімді сату нарықтары мен экспорттық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс дейді ол.

Олжас Бектенов сонымен қатар, өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керектігін айтты. Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін көтерді. Премьер-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу Үкіметтің басым міндеті болып қала беретінін, сондықтан өңірлер осы жұмысқа баса назар аударуға тиіс екенін айтты. Сонымен бірге инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін тапсырды. Әкімдерге азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды жүктеді.