Шерзат Болаттың өлімі. Ұсталғандардың саны артты

Әлихан Асқақ

Бұл туралы Алматы облысының прокуроры Берік Адамов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

дереккөз

КҮДІКТІ КӨБЕЙДІ

Бұған дейін Шерзат Болаттың өліміне қатысты 7 күдіктінің ұсталғаны туралы айтылған. Бүгінгі Қонаев қаласында өткен брифингте полицейлер тағы 3 күдіктіні ұстағаны белгілі болды. 

10 адам күдікті деп танылды. Тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасында, бірақ олардың мәртебесі – қорғану құқығы бар куәгер, деді брифингте Берік Адамов.

Күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды

ЕКІ ӘЙЕЛ ДЕ КҮДІКТІ МЕ

Марқұм 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасы оқиға орнында болған екі әйелді қамауға алуды талап еткен болатын. Алайда ішкі істер министрлігі екі әйелдің ешқандай іске қатысы жоғын айтты.

Видеодан екі әйелдің біреуі ер адамдарды ажыратып, олардың бірін шетке алып кеткенін көруге болады. Сондай-ақ видеодан көргеніміздей, екі әйелдің тарапынан ешқандай белсенді әрекет болмады, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сондай-ақ, брифинг барысында Хасанның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы туралы айтылды. ІІМ елде “Хутор” атымен белгілі ҰҚТ жоқ екенін айтты.