«Төрт жылда көрмеген азапты көріп келеміз»: Арқалықтан келген ерлі-зайыпты министр Әлназароваға жүгінді

Аян Өрібай

Арқалықтан келген ерлі-зайыпты Гүлнұр Есқабылова мен Данияр Шәкімов Ulysmedia.kz редакциясы арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жүгінді. Олар министр өздерін жеке қабылдап, үйдің отанасының денсаулығын бақылауына алса деп үміттенеді.

Ulysmedia коллажы

СІЗБЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЗДЕСКІМІЗ КЕЛЕДІ

– Құрметті, Ақмарал Шәріпбайқызы! Әйелімнің бұғана сүйегіне 12 ота, жатырына 4, мұрнына 1 ота жасалды. Бас-аяғы төрт жылда 17 отадан өтті. Сізден көмек сұраймыз! Өзіңіздің басты назарыңызға алып, Есқабылова Гүлнүр Сәкенқызының деректерін жіті бақылауға алуыңызды, оның жазылуына көмектесуіңізді сұраймын! Төрт жылда көрмеген азапты көріп келе жатырмыз. Ауруханаларда тек бұғана сүйегін тазалап қана қояды. Өкінішке қарай одан ешқандай нәтиде болмай жатыр. Бұғана сүйектің шіруіне байланысты имплатация жасауы керек. Оны өзіңіз білесіз. Түркия 27 500 АҚШ долларына ота жасап береміз деп отыр. Қазақстанда бұл ота жасалмай жатыр. Мүмкін консолиум жасау керек шығар. Жолдасымның денсаулығын жеке бақылауға алуыңызды сұраймын, – дейді Данияр Шәкімов.

Гүлнұр Есқабылованың өзі дәрігерлердің қателігінен денсаулығына зиян келіп, мүгедек болып қалғанын айтады. Соған байланысты өзіне назар алуға сұрайды.

Данияр Шакиннің сөзінше, министрлік Гүлнұрды Астанадағы онкологиялық орталыққа жатқызу жөнінде шешім қабылданғанын айтқан. Отбасын қинап тұрғаны – Қазақстандағы белді деген үш аурухана ота жасаса да, Гүлнұрдың денсаулығы оңалып кетпеген. “Дәрігерлер тек іріңді тазартып, қоя береді, біраз уақыттан кейін қайтадан иығыма ірің толып кетеді” дейді Гүлнұр.

– Толық емделіп кетсем деймін. Ақмарал Шәріпбайқызы, бізді жеке қабылдасаңыз екен деймін. Сізбен бетпе-бет кездесіп, бәрін түсіндіріп айтқым келеді, – дейді Гұлнұр Есқабылова.

Арқалық тұрғынының мәселесі жөнінде Ulysmedia.kz порталы былтыр да жазған. Данияр Шәкімов былтыр Астанадағы Қазмедиа орталығына келіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жанайқайын жеткізуге тырысқан еді. 

 Дәрігерлердің қателігі кесірінен отаны дұрыс жасамай, әйелімнің бұғанасына инфекция түскен. Сүйекті бітістірмеген. Ақыр аяғы сүйекті қисық бітістіріп, ішіне инфекция түсірген», – деген еді Данияр Шәкімов.

Сол тұста Даниярдың зайыбының денсаулығына байланысты дәрігерлер ешқандай шешім шығара алмай отырғаны хабарланған. Содан бері де Гүлнұрға бірнеше рет ота жасалғанымен, денсаулығы оңалмай келеді.