Қазақстанда шетел банкін ашу ережелері жеңілдейді

Аян Өрібай

Шетелдік банктерге Қазақстанның қаржы нарығына кіруі үшін жағдайлар жеңілдетіледі. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова парламент мәжілісінің жалпы отырысында баяндама жасау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ӘБІЛҚАСЫМОВА НЕ ДЕЙДІ

Мәжілісте Әбілқасымова тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қорғап жатыр. Оның айтуынша, қазір қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвестор Қазақстанның банк нарығына кіре алады. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіндіктен, 2020 жылы шетелдік банктің филиалын ашу бойынша талаптар белгіленген. Атап айтқанда, шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады.

НАҚТЫ ҚАНДАЙ ЕРЕЖЕЛЕР

Мысалы, шетелдік банктің рейтингі «BB-»-тен «А-»-ке дейін болса, еншілес банкті ашуға арналған құжаттар саны 24-тен 17-ге дейін, ал филиал ашу үшін – 20 құжаттан 10 құжатқа дейін қысқартылады. Рейтингі «А-»-ден бастап және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін құжаттар саны тиісінше, 10 құжаттан 8 құжатқа дейін қысқартылады. Бұл бір.

Екіншіден,шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі.

ОПЕРАЦИЯЛАР

Сонымен бірге агенттік төрағасы шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтілетінін атап өтті. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады.

«Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болады», – деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.

Заң жобасы шеңберінде агенттік банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастауды, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеруді ұсынады.

Заң жобасы президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы», «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтарын іске асыру үшін әзірленді.