ҚазҰУ-да тағы бір студент қаза тапты

farabi.university

Алматыда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын бірінші курс студенті қаза тапты. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, істі Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Алайда полиция оқиғаның мән-жайы мен қылмыстық істің нақты қай бап бойынша қозғалғанын әзірше жариялаған жоқ.

Студенттің қайтыс болғанын ҚазҰУ баспасөз қызметі де растады.

– Қазір полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Университет жағдайды объективті анықтауға көмектесуде. Марқұмның отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатырмыз, – деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты түрлі болжам айтылғанымен, олардың ешқайсысы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Контекст

Еске салайық, бұл – ҚазҰУ-дің бірінші курс студентінің соңғы он күндегі екінші өлімі. 6 қарашада университет жатақханасында Журналистика факультетінің студенті көз жұмған еді. Оның өлімінің себебі әлі жарияланған жоқ.

Сол кезде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тергеу құпиясына байланысты министрлік те, университет те қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіре алмайтынын мәлімдеген.

Ал Журналистика факультетінің студенттеріне болған оқиғаны басқа адамдармен талқылауға тыйым салынған.

Сізге қызық болуы мүмкін