Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ұрлық жасағаны үшін лауазымды тұлға 7 жылға сотталды. Ол жалған тұқым егу, өңдеу бағытында бюджеттен 43,8 миллион теңге жымқырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, университетте жалған тұқым егу, өңдеу бағытында бюджет қаражатын ұрлау фактісі тергелген.
Бұған дейін Бас прокуратураның тапсырмасымен университеттің қызметіне тексеру жүргізілді. Онда 2020 жылы университет жалпы сомасы 43,8 миллион теңгеге қант жүгерісінің тұқымын, "аммофос" минералды тыңайтқышы мен аммиакты селитрасын сатып алуға мемлекеттік сатып алу туралы 3 шарт жасасқан. Тексеру аталған тауарлардың іс жүзінде жеткізілмегенін, ақша қаражатының қолма-қол ақшаға айналдырылғанын көрсетті.
№2 Медеу аудандық сотының үкімімен университеттің "Саймасай" оқу-тәжірибелік шаруашылығының директоры қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды, – делінген хабарламада.
Залал толық көлемде өтелді. Үкім заңды күшіне енді.