Коллекторлар борышкерлерге күніне үш ретте артық қоңырау шалмауы керек – Әбілқасымова

Аян Өрібай

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қарызын өтей алмай жүрген борышкерлерді іздейтін коллекторларға жұмысы қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ӘБІЛҚАСЫМОВА НЕ ДЕЙДІ

– Коллекторлық агенттіктер демалыс күндері телефон соғуға құқығы жоқ. Оған тыйым салынған. Екіншіден, жұмыс күндері оларға борышкерге бір күнде үш рет қана қоңырау шалуына рұқсат етіледі. Содан кейін аудио, видео фиксация жасау керек. Егер сізге демалыс күні қоңырау шалып, мазаңызды алса, сіз агенттіктің колл-орталығына хабарласып, шағымдануыңыз керек. Біз тексеріс жүргіземіз. Сосын сол коллекторлық агенттікке қатысты нақты шаралар қабылдаймыз», - деді Әбілқасымова Парламент кулуарында.

Оның айтуынша, заң бұған коллекторлық агенттіктерге алдымен айыппұл салынады. Егер тағы да қайталанса, коллекторлық компанияның лицензиясы қайтарылады.

ПРОБЛЕМАЛЫҚ ҚАРЫЗ КӨБЕЙГЕН

Бұған дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚҚЖҰ) портфеліндегі 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздардың (NPL90+) деңгейі 2024 жылғы 1 шілдеде 5,2%-ды құрағаны хабарланған еді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімет таратқан. Агенттіктің мәліметінше, халықтың портфелінде 90 күннен астам төлем мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 9,1%-ды (01.01.2024ж. – 6,5%), бизнестің портфелінде – 1,9%-ды (01.01.2024 ж. – 1,6%) құраған. Проблемалық берешектің ұлғаюы осы жылғы 1 шілдеден бастап жоспарланып отырған заңнамалық деңгейде осы әрекеттерге тыйым салуды енгізу аясында микроқаржыландыру нарығы субъектілерінің коллекторлық агенттіктерге азаматтардың берешегін сатуды тоқтата тұруына байланысты болып отыр.