2024 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясы Қазақстан астығы мен ауылшаруашылығы өнімдерінің Ресей аумағы арқылы өтуіне біржақты шектеулер енгізген болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Бүгін Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдаған Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты дабыл қақты.
Осы теріс шешімнің салдарынан астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс тұқымына, қызанақ, бұрыш және басқа да өнімдерге фитосанитарлық сертификат беру тоқтатты. Халықаралық келісімдер жайына қалды. Мұндай кедергілер біздің елдің ауылшаруашылығы саласына, жалпылай алғанда экономикамызға салмақ салып отыр: Қазақстандық экспорттаушылар үлкен қаржылық шығынға ұшырады; вагондар тоқтап қалды, өнімдерді жеткізу мерзімі өтіп жатыр. Келісімшартта көрсетілген міндеттемелер бұзылды. Біздің елдің азаматтары сол үшін айыппұл арқалап, шығынға бата бастады – деді депутат.
САЛДАРЫ
Депутаттың сөзінше, Россельхознадзордың осындай әрекеті биыл жинадық деп жар салған 25,2 миллион тоннаға дейінгі астықтың бұзылу қаупін төндіріп отыр. Тағы да сападан ұтыламыз, уақыт жоғалтамыз.
Бұл асыра айтылған әңгіме емес, бірақ ала жаздай бел жазбай еңбек еткен диқандардың еңбегі зая кетудің алдында тұр. Қысқасы, Россельхознадзор енгізген шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын бұзып тұр. Онымен қоймай Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауарлар мен транзиттің еркін қозғалысының басты принциптеріне қайшы келіп отыр – деді ол.
ҰСЫНЫС
Депутат осыған байланысты Үкіметке төмендегі мәселелер бойынша тез арада шешім қабылдауды сұрады:
1. Ресей Федерациясымен ресми келіссөздерді бастау керек. Қазақстандық өнімнің транзитіне негізсіз фитосанитарлық шектеулер жойылсын. Егер Россельхознадзор бұл талабымызды орындаудан бас тартса, бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақтың сот алқасында қаралуы қажет;
2. Олай болса біз де қарап отырмайық, тәуелсіз мемлекетпіз, өз билігіміз өзімізде. Ендеше Қазақстан арқылы өтетін ресейлік өнімдердің транзитіне тарифтерді қайта қарау керек. Керек болса жоғарыдағы мәселелер шешілгенге дейін көрші елдің тауарларын Қазақстан нарығына кіруін шектеу сияқты қарсы шараларды енгізу қажет;
3. Россельхознадзордың әрекеттерінен зардап шеккен қазақстандық экспорттаушылар бар. Өз азаматтарымыздың мүддесін заңмен қорғауды қамтамасыз етуіміз керек. Жетпей қалған тауарлардың кідірісі мен бұзылуына байланысты шығындарды өтеу үшін ресейлік серіктестерге талап қойылсын;
4. Қазақстандық өнімнің экспорты үшін басқа да логистикалық бағыттарды іске қосуымыз керек. Мысалы Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның қатысуымен тасымалдауды ұйымдастыру қажет. Керек болса өнім тасымалы үшін субсидия қарастырыңыздар. Бұл Ресейлік транзитке тәуелді болудың жолын кеседі;
5. Қытаймен ынтымақтастықты жандандырып, Қазақстан астығы мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға арналған квоталарды ұлғайту мәселесін қарау қажет.