Талғардағы жасөспірім өлімінен кейін Алматы облысында ПД жаңа басшысы тағайындалды

Қалижан Бектемір

Президенті әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Мейрам Әбікеев облыстық Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: polisia.kz

Полиция полковнигі бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары болған.

КІМДЕР ҚЫЗМЕТТЕРІМЕН ҚОШ АЙТЫСТЫ

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі басшысының бұйрығымен келесілер қызметінен босатылды:

Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров;

Талғар аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Күнтүнов;

Полиция департаментінің Алматы облысы бойынша Экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Ұлан Байтақов;

Алматы облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;

Алматы облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр;

Алматы облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Жанат Омаров.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берді.