«Жігіттер, айып етпеңдер»: Макс Боқаев Тоқтар Төлешов жылап тұрып кешірім сұрағанын айтты

Қалижан Бектемір

2016 жылы Жер митингісінен кейін бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаев ARA media YouTube арнасына берген сұхбатында кезінде «Сыра королі» атанған олигарх - атышулы Тоқтар Төлешов өздерінен жылап тұрып кешірім сұрағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ҚЫСЫМ КӨРГЕН

Боқаевтың сөзінше, ол түрмеден қоңырау соққан.

Тоқтар Төлешов қысым көрген. 2022 жылдың аяғында түрмеде жатқан Тоқтар Төлешов маған және Талғатқа (Аянға – ред.) телефон соғады. Сондағы таксафоннан. Номері де бөлек қой. Бірге отырған жігіттер іздеп жатқан шығар деп ойладым. Бірақ жиналыста отыр едім, тұтқаны көтере алмадым. Кейін қайта хабарласар дедім. Сол күні кешке қарай маған Талғат келіп-кетті. «Мәке, Төлешов телефон соқты» дейді. Бір сағаттай сөйлесіпті. «Жігіттер, айып етпеңдер, сендерге жала жаптым» деп жылап айтыпты.

Бірінші әйелінен тұңғыш баласын - сол кезде шамамен 22-23 жастағы жігіт, соны қамап тастаймыз деп қорқытыпты. Содан кейін бізге жала жабуға мәжбүр болғанын айтқан, - дейді ол.  

ТОҚТАР ТӨЛЕШОВ

Оған қатысты ғаламтордағы ақпарат мардымсыз. Қай жерде туып-өскені, туған-туыстары туралы мәліметтер жоқтың қасы. Белгілісі, 13 баланың әкесі. Күзет агенттігі мен «Шымкент пикчерз» кинокомпаниясының қожайыны. Тіпті 2006 жылдары режиссер Ермек Тұрсыновпен бірге «Сұлтан Бейбарыс» блокбастерін түсірген. 2007 жылы Лондонда тіркелген «Jay Resourses» компаниясының Өзбекстандағы еншілес «Узпромстройбанкінің» акцияларын 17  млн долларға сатып алған. Алайда 4 млн долларға жуық берешек болып қалған. Компания қожайыны оны алдап кетті деп Лондон сотына берген. Бірақ көк тиын өндіре алмаған. Кей ақпарт құралдары кәсіпкер отандық ірі банкке 300 млн доллар қарыз екенін де жазды.

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты 2016 жылдың 7 қарашасында Қазақстанның конституциялық құрылымына күштеп өзгеріс енгізбекші болғаны үшін айыпталған Тоқтар Төлешовті мүлкін тәркілей отырып, 21 жылға соттаған. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеп жатыр.