«Аялдама мен жол жоқ»: Ақтауда тұрғындар митингіге шықты

Қалижан Бектемір

Ақтаудағы "Темірсу" тұрғын алабының тұрғындары жол мен автобус аялдамаларының болмауына байланысты митингіге шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

МӘСЕЛЕНІҢ ЖАЙ-КҮЙІ

Lada.kz жазғандай, жергілікті тұрғындар өз елді мекенінде дұрыс инфрақұрылым жоқтығына шағымданады. Олардың айтуынша, жақында жұмысшылар елді мекенге кіріп-шығатын орында асфальт төсемінің қабатын алып тастаған.

Арнайы техника жолды жауып, тұрғындардың өтуін шектеген. Жөндеу қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

ӘКІМ УӘДЕ БЕРДІ

Біз көптен бері жолды жасауды сұрадық, өйткені ол жер шұрық-тесік. Автобус аялдамалары да жоқ, – деп шағымданды тұрғындар.

Митингіге жергілікті әкімдік өкілдері, атап айтқанда, Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев келді. Ол бір апта ішінде тұрғын үй массивіне кіре-берістегі жұмыстарды аяқтап, Темірсудағы жол құрылысын бастауға уәде берді.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау қаласында жылу маусымы басталғанына қарамастан, кейбір көпқабатты үйлердің жылу жүйесінде ақау шығып, тұрғындар пәтердің суық екеніне шағымданғанын жазған болатынбыз.