Газада Израильдің соққыларынан 90 адам қаза тапты

Сырым Қаржас

Кеше түнде Израильдің Бейт-Лахия қаласына жасаған соққыларынан кем дегенде 87 адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапты деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ФОТО: ISLAM AHMED | AFP

Бұл туралы ХАМАС бақылауындағы Газа билігі мәлімдеді.

Әскери-әуе күштеріне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, соққылар салдарынан кемінде 40 адам зардап шеккен, көбі әлі үйінділердің астында жатыр.

Хамас бақылауындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көптеген құрбандар әлі үйінділердің астында және олар құтқару бригадалары жете алмайтын жерлерде жатыр.

Дегенмен Израиль зардап шеккендер туралы мәліметтерді өздерінше тексеріп жатқанын жеткізді. Олар ХАМАС кеңсесі келтірген цифрлар асыра айтылған дейді және ұйымның «бұрынғы оқиғаларда сенімсіз болып шыққан» дереккөздеріне күмәнмен қарап отыр.

ЦАХАЛ келтірген мәліметтерге сүйенсек, Израиль әуе күштері соңғы 24 сағат ішінде Газа мен Ливандағы «шамамен 175 лаңкестік нысанға» шабуыл жасаған.

ХАМАС-тың баспасөз қызметі сенбі күні кешке Бейт-Лахияда болған жарылыс халық көп шоғырланған тұрғын үйлерді зақымдағанын хабарлады. Қаза тапқандар туралы Газадағы ХАМАС-тың азаматтық қорғаныс агенттігі де хабарлады. Палестиналық «Wafa» ақпарат агенттігінің дерегінше, шабуыл салдарынан тұрғын үй кешені қираған.

Бейт-Лахиядағы құтқару жұмыстары қазір аймақтағы байланыс пен интернеттің үзілуіне байланысты қиындап жатыр.

Бұл соққылар Израиль әскерлері Бейт-Лахиядағы Индонезия ауруханасын атқылағаны туралы хабардан бірнеше сағат өткен соң жасалды. ЦАХАЛ «ХАМАС лаңкестерінің нысанасына» соққы бергенін және «бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеу үшін бар күш-жігер жұмылдырылғанын» атап өтті.