Алматы облысында 30 мың жыл бұрынғы тұрмыстық құралдар табылды

Сырым Қаржас

Археологтар Еуропада кеңінен таралған Ориньяк мәдениетіне тән 30 мың жыл бұрынғы артефактілерді тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ресей археология институты

Бұл құнды жәдігерлер Ориньяк мәдениетіне тән құралдар саналады. Археолог ғалымдар олардың жасы шамамен 31-28 мың жылды құрайтынын болжады.

“Солтүстік Тянь-Шань тауларының етегінде археологтер Еуропада кеңінен таралған Ориньяк мәдениетіне тән өңдеу техникасымен жасалған құралдарды анықтады. Бұл мәдениет алғаш рет Испания, Франция, Бельгия және Англияда табылған. Кейінірек ұқсас артефактілер Кавказ, Таяу Шығыс және Орта Шығыста табылды.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы 1-ші және 3-ші Ұзынағаш тұрақтарынан табылған бұл құралдар ориньяктық нуклеус (құралдарды немесе олардың дайындамаларын қашау үшін қолданылатын ядро), доға тәрізді скребкалар және басқа да арнайы құралдардан тұрады. Зерттеулерді Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ресей Ғылым академиясының Археология институтының бірлескен тобы жүргізген” делінген хабарламада

Зерттеушілер бұл жаңалықтар Қазақстан тарихына және ежелгі адамдардың тіршілік ету құралдарын зерттеуге үлкен үлес қоса алатынын алға тартады.