Атырау қаласында 44 жастағы ер адам қоғамдық көліктегі адамдармен төбелескен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АВТОБУСТЫҢ ТЕРЕЗЕ ЖУАТЫНЫН СЫНДЫРҒАН
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралған соң, жергілікті полиция түсініктеме берген. Бейнежазбада көрініп тұрғандай, ашу қысқан ер адам алдымен автобус ішіндегі бір адамды аяғынан сүйреп, ұрған. Одан кейін автобустың терезе жуатын құралын сындырған. Полицияның мәліметіне сүйенсек, ер адам жүйке ауруы бойынша есепте тұр.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Аталған бейнежазбадағы дерек 19 қазан күні орын алған. Полиция қызметкерлері адамның жеке басын анықтады. 44 жастағы ер адам ІІ топтағы мүгедек екені анықталып, оның күтушісіне ескерту жасалды. Құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, жауапты жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Аталған тұлға жүйке жүйесі ауруларымен есепте тұрғаны анықталды, – деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаменті.
Еске салсақ, Қостанайда төбелес соңы кісі өлімімен аяқталған болатын.