Жылусыз қалған Саран қаласы резервтік жүйеге қосылған. Жылу болмаған күндердің ақысын не істейді

Ғалиасқар Думан

Қыс басталмай жатып жылу жүйесі істен шыққан қаланың басшылығы үйлерді резервтік жүйе арқылы жылытпақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ӘКІМДІК ДЕРЕГІ

Облыс әкімдігі жылусыз қалған Саран қаласында үйлерді жылумен жабдықтау резервтік жүйеге қайта қосылып біткенін жеткізді. Әкімдіктегілердің сөзінше, қазандықтар қажетті отын қорымен және жұмысшылармен қамтамасыз етілген.

–  Мен қала тұрғындарының наразылығын түсінемін. Жағдай тұрақтанғаннан кейін біз міндетті түрде жауапты әрбір адамның іс-әрекетін талдап, бағалайтын боламыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте.

Саран қаласының басшысы Еркін Баулықовтың мәліметінше, қаладағы барлық үйлер резервтік жылумен жабдықтау жүйесіне қайта қосылған.

– Барлық жергілікті жылу көздері іске қосылды. Бір орам жұмыс істеп тұрған қазандыққа қайта қосылды. Барлық жылу көздерінде қажетті отын қоры бар. Қосымша көмір тасымалдау қамтамасыз етілді. Қазандықтарда жұмысшылар да жеткілікті. Орталық жылу көзін пайдалануға бергенге дейін қаланы жылумен жабдықтау резервтік жүйе арқылы қамтамасыз етілетін болады, – деді. ол

Сондай-ақ әкімдік дерегінде қазан айында Саран тұрғындарына жылумен жабдықтау үшін қайта есептеу жүргізілетіні айтылған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қалада 12 жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан жаңа қазандық іске қосылған сәтте-ақ қаланың жартысы жылусыз қалған. Тұрғындар бірінен кейін бірі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, күн суытса да жылусыз отырғандарын ашына айтқан.

“ҚЫСТА НЕ БОЛАДЫ?”

“Үйіміз өте салқын. Сөз жүзінде жаңа жылу орталығын қостық дейді. Іс жүзінде ештеңе де істелген жоқ. Біз кезек-кезекпен ауырып жазыла алмай жатырмыз. Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Бұл тек күз ғана. Сонда қыста не болады?” – дейді ашынған азаматтар.

ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ?

Қала әкімі Еркін Баулықов та тұрғындардан қалыспай әлеуметтік желіде видео жариялады. Шенеуніктің сөзінше, қалаға жылу кезең-кезеңімен берілуі керек.

“Қазіргі таңда 54 градустағы жылуды жіберіп жатырмыз. Ақырындап тағы көтереміз. Біз бірден 50 градусты 80 градусқа дейін көтеріп жібере алмаймыз”, – деген Баулықов.