Елді мекен шетінен жаңа карьерлерді ашу тоқтатылсын – Еділ Жаңбыршин

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутат Еділ Жаңбыршин елдегі карьерлер мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Коллаж Ulysmedia.kz

ФРАНЦИЯНЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫНА ПАРА-ПАР

Депутат үкімет басшысына жолдаған сауалын Жетібай, Шетпе, Майқайың, Сатпаев, Хромтау, Іргелі және өңірлердегі басқа да кенттердің айналасындағы карьерлердің экологиялық және техногендік проблемаларын көтеріп жүрген тұрғындардың жан-айқайы екенін айтты.

Оның сөзінше елде жалпы жұмыс жасап тұрған карьерлер саны – 4784. Жұмыс жасамай тұрғаны – 1371. Рекультивациядан өткендері – 610, ал рекультивация жүргізілмеген карьерлер – 694.

“Енді, карьерлердің проблемаларына тоқталсақ:
Бірінші. Елді-мекендердің айналасын дамытуды айтпағанда, жер бедері эрозияға ұшырап, карьерлерден тараған шаң-топырақ ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отыр. 
Жалпы, еліміздегі  карьерлердің территориясы – 224 мың шаршы км-ді құрайды. Бұл Францияның тең жарты территориясына пара-пар аумақ. 
Екінші. Еліміздегі карьерлерде техникалық қауіпсіздік шаралары тіпті сақталмай отыр. Мысалы, 2018 жылы «Алтынтау Көкшетау» және 2021 жылы Қостанай облысындағы «Качарский» карьерлерінде массивтің опырылу салдарынан екі адам қаза тапты. Шахтинск қаласының маңындағы карьердің кесірінен облыстық маңызы бар жол бұзылған және әлі күнге дейін жөнділмеген” дейді депутат.

Оның айтуынша, көптеген кәсіпорындар пайданы тауып, карьерлерді ашық-шашық күйінде тастап, рекультивация жұмыстарын мемлекеттің  мойнына іліп кеткен. Одан бөлек карьерлердің тастарын мөлшерден тыс тиеген ауыр көліктер асфальт жолдарға залал келтіріп отыр. Бюджеттің миллиардтаған қаржысына салынған жаңа жолдар мерзімінен бұрын істен шығуда.

ДЕПУТАТ ҰСЫНЫСЫ

Жаңбыршин Қазақстанның кең даласын одан әрі шұрық-тесікке айналдырмас үшін геология комитетінің өңіраралық департаменттеріне жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды мемлекет тарапынан бақылау құзыреті қайта берілсін, ерекше қорғалатын аумақтарда барлауға берілген рұқсаттарға қатысты нақты шешімдер қабылдансын” деген тараптар қойды.

Одан бөлек карьерлер рекультивациясының Жол картасы жасақтауды, кпрьерлерде таза технологиялар мен әдістер енгізуді, сондай-ақ елді-мекен шетінен кемі 10 км радиуста жаңа карьерлерді ашуды тоқтатуды сұрап, сауал жолдады.