43 миллион теңге: Ақтөбеде мүгедек балалардың ақысын жеген әйел сотталды

Ілияс Бақыт

Әйел сотта жауап беруден бас тартып, кінәсін мойындамады. Оған 6,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz\ЖИ

МҮГЕДЕКТЕРДІҢ АҚЫСЫН ЖЕГЕН

Ақтөбеде "More life" қоғамдық қорының басшысына үкім шығарылды, ол науқас балалардың ата-аналарының есепшоттарына түскен ақшаны иемденген. Оны аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. 

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ АҚЫСЫ

Соттың мәліметінше, "More life" қорының директоры 2022 жылдан 2024 жылға дейін 43,8 миллион теңгені иемденген. Бұл қаражатты қазақстандықтар науқас балаларға қайырымдылық ретінде жіберген. 

КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ

Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамады және жауап беруден бас тартты. Айыпталушының кінәсі зардап шеккендердің, куәгерлердің көрсетулерімен, банктік есепшоттардан алынған үзінділермен және басқа да дәлелдермен расталды. 

"Ақтөбе қаласының №2 соты Ж.-ны ҚК 190-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, алты жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру және 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады", – деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптарын қанағаттандырды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Ақтөбеде қайырымдылық қорының мүгедек балалар ақшасына қол салғаны туралы айтқан едік.

Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған қордың ақшасына басшылары қол салған. Емдеу үшін елден ақша жинап, артынан ерекше балалардың ата-аналарын алдап кетіпті. Шетелге апарып емдетпек түгілі, түрлі сылтау айтумен жүрген.