Түркия әскери әуе күштері Ирак пен Сирияның солтүстігіндегі Күрд жұмысшы партиясының нысандарына соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Әуе соққыларының нәтижесінде лаңкестерге тиесілі делінген 32 нысана жойылғаны хабарланды. Түркия Қорғаныс министрлігі қандай нысаналарға соққы жасалғанын нақтыламады.
Тек бейбіт тұрғындарға залал келмеуі үшін барынша сақтық шаралары қолға алынғаны ғана айтылады. DW басылымы әуе операциялары жалғасып жатқанын жеткізді.
ТҮРКИЯДАҒЫ ТЕРАКТ
Кеше Анкарадағы Turkish Aerospace Industries (TUSAŞ) әуе компаниясының аумағында жарылыс болып, 4 адам қаза тауып, 14 адам зардап шеккен.
Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликайяның мәлімдеуінше, шабуылдаушы екі террористтің көзі жойылған. Олардың бірі ер адам, екіншісі әйел. Лаңкестердің тұлғасы анықталып жатыр.
Жарылыс пен атыс кеше жергілікті уақыт бойынша 15:30-де болған.
Haberturk ақпаратынша, лаңкестер кепілде адам ұстап, артынша нысанда үш жарылыс болған.