Әр қонаққа бір кітап – ұзату тойындағы идея көпшілікті сүйсінтті

Сырым Қаржас

Қыз ұзату тойының әр қонағына арнап дастарханға "Салт-дәстүрлер сөйлейді" кітабын қойған той иесінің бастамасы жұртшылықтың қолдауын тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

Бұл туралы белгілі шығыстанушы, “Отбасы хрестоматиясы” жобасының авторы Санжар Керімбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Арайлым есімді қыздың ұзату тойы еліміздің қай қаласында өткені белгісіз. Автордың айтуынша, қыз ұзату тойында қуаныш иесі әр қонаққа “Отбасы хрестоматиясы” жобасы аясында жарық көрген “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабының бір-бір данасын сыйлаған.

Автор видеода қазақ қоғамы мәдениетті, өркениетті қоғамға айналып келе жатқанын жеткізді.

“Қазір жұрт үйлену тойында, қыз ұзатуда қытайдың түкке де пайдаға аспайтын жылтырағын қоймайды. Мынандай кітаптар қойып жатыр”, дейді С.Керімбай.

Айтуынша, тойға 300 адам шақырылған, олардың әрқайсысына тарту ретінде бір-бір кітаптан дастархан басына қойылған.

Сондай-ақ Санжар Керімбай “қазақ қоғамының шаруасы бітті, надан болды, кітап оқымайды” деген жұрт санасында қалыптасып кеткен қоғамдық пікірмен келіспейтінін тойдағы осы игі бастама арқылы білдірді.

Ал желі қолданушыларының басым бөлігі бұл идеяның керемет екенін айтып, ризашылығын білдірген. 

Тіпті кейбірі осы кітапты қайдан алуға болатынын сұрап, игі бастаманы қолдауға ниет танытқандар да табылды.

Десе де пікір жазушылардың арасында қазір ешкім кітап оқымайтынын алға тартып, өз ойын білдіргендер де бар екен.