Жақыпов ұсталғаннан кейін сарапшы «Самұрық-Қазынаның» күмән тудырған үш мәмілесін атады

Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін мемлекеттік активтерге қатысты бірқатар мәміле қоғам назарын аударды. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов энергетика саласындағы үш жобаны тексеру қажет деп есептейді. Олардың қатарында күкірт қышқылын өндіретін зауыттың, мұнай-газ компаниясының және Қазақстандағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорынның үлестерін сату мәселелері бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Күкірт қышқылы зауыты: конкурссыз сатылған үлес

Жұмағұлов алдымен Түркістан облысындағы күкірт қышқылын өндіретін зауытқа қатысты мәмілеге тоқталды.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы мемлекеттің 60 пайыз үлесі кәсіпкер Артықбаевқа конкурс өткізілместен сатылған. Бұл ретте жоба Қазақстанның даму банкінен жеңілдетілген қаржы алып, уран өндіруші компанияларға күкірт қышқылын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттар жасасқан.

«Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауытының мемлекетке тиесілі 60 пайыз үлесі жаңа олигарх Артықбаевқа конкурссыз сатылды. Жоба Қазақстанның даму банкінен жеңілдетілген қаржы алды. 2043 жылға дейін өнімді сатып алуға кепілдік беретін келісімшарттармен қамтамасыз етілген», – деп жазды Жұмағұлов.

Ол мәміленің қанша сомаға жасалғаны әлі күнге дейін көпшілікке жарияланбағанын атап өтті.

Phystech-2 компаниясының берілуіне қатысты күмән

Екінші мәселе бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech-2 мұнай-газ компаниясына қатысты.

Сарапшының мәлімдеуінше, кәсіпорынның 51 пайыз үлесі жеке инвестор Гүлмарал Мырзағаринаға тендер өткізілместен берілген.

Мәміле шарты бойынша жаңа меншік иесі компанияның жарғылық капиталына 8 миллиард теңге салуға тиіс болған.

«Алайда бұл қаражат әлі күнге дейін салынған жоқ!» – деді Жұмағұлов.

«Богатырь Көмір» компаниясының үлесін сату

Сарапшы көтерген үшінші мәселе – Қазақстандағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын «Богатырь Көмірдің» мемлекеттік акциялар пакетін катарлық Primet инвесторына сату.

Жұмағұловтың айтуынша, бастапқыда кәсіпорындағы мемлекеттің үлесі 50 пайыз болған. Кейін бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін азайтылған.

«Мемлекеттің үлесі 50 пайыз еді. Алайда кейін оны 35 пайызға дейін төмендеткен. Мәміленің құны да әлі күнге дейін жарияланған жоқ», – деп жазды ол.

Сарапшы мемлекет бұл кәсіпорынға қатысты шешімді қайта қарауы мүмкін деп есептейді.

«Меніңше, мемлекет «Богатырь Көмірдегі» өз үлесін қайтарып алады. Өйткені бұл – стратегиялық маңызы бар кәсіпорын», – деді Жұмағұлов.

Жақыповтың ісі туралы не белгілі?

Еске салайық, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Жақыпов, Елжас Отыншиев пен өзге де адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін растады.

Әзірге тергеудің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделі екенін мәлімдеді.

Сізге қызық болуы мүмкін