Орбитада 235 тәулік болған SpaceX Crew Dragon кемесі Жерге оралды

Сырым Қаржас

SpaceX Crew Dragon ғарыш кемесі төрт экипаж мүшесімен бірге Халықаралық ғарыш станциясында рекордтық 235 күннен кейін Жерге аман-есен оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

NASA

Бұл туралы NASA және Роскосмос хабарлады.

МӘН-ЖАЙЫ

Бұл – Crew Dragon миссияларының ішіндегі ең ұзақ уақытқа созылған сапар.

NASA астронавтары Мэттью Доминик, Майкл Баррат, Жанетт Эппс, сондай-ақ Роскосмос ғарышкері Александр Гребенкин отырған капсула Пенсакола (Флорида) жағалауындағы Мексика шығанағына тоқтаған.

ОРАЛУ

Айта кетерлігі, ауа райының қолайсыздығынан олардың оралуы екі аптадан астам уақытқа кешіктірілген еді.

Бортында экипажы бар капсула өзінің ең ұзақ жеті айлық ғылыми миссиясын аяқтағаннан кейін 8 қазанда қайтып оралады деп жоспарланған. Бірақ соңғы екі аптада NASA және SpaceX мамандары Кариб теңізі мен Мексика шығанағындағы ауа райының күрт нашарлауына байланысты борттың Жерге оралу сапарын кейінге қалдырып отырды.

Олар тек 23 қазан күні ғана оралуға рұқсат алды.

Мексика шығанағына түскен капсуланы іздестіру-құтқару кемелері тез тауып, экипажДЫ бортқа жеткізді. Алғашқы медициналық тексеруден кейін NASA астронавтары Мэттью Доминик, Майкл Баррат, Жанетт Эппс, сондай-ақ Роскосмос ғарышкері Александр Гребенкин тікұшақпен Кеннеди ғарыш орталығына жеткізілген.

NASA-ның хабарлауынша, экипаж мүшелерінің денсаулығындағы өзгерістерге байланысты астронавтар мен ресейлік ғарышкер ұшақпен Флоридадағы Жүрек орталығына апарылған. Олардың үшеуі қайтадан Хьюстондағы NASA-ның Ғарыш орталығына жіберіліп, тек біреуі ғана қосымша дәрігерлік бақылау жүргізу үшін медициналық мекемеде қалдырылған. Бірақ ол астронавтың кім екені, денсаулығындағы кінараты құпиялық тұрғысынан ашып айтылмады.