Солтүстік Еуропаға Атлант мұхитынан апат келе жатыр – климатологтар ескертуі

Сырым Қаржас

Әлемдегі жетекші 44 климатолог ғалым скандинавиялық елдердің басшыларына Атлант мұхитындағы меридиандық айналымның құлдырағаны туралы ескертіп, ашық хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Олар Атлант мұхитының негізгі ағындарының ыдырауына байланысты келе жатқан апат туралы ескертті.

Shutterstock

Мамандар құзырлы органдарды бұл құбылысқа бейжай қарамай, шұғыл шара қолдануға шақырды, Сондай-ақ олар бұған дейін айналымның әлсіреу қаупінің бағаланбағанын айтты.

Атлантикалық меридиандық айналымы (AMOC) Гольфстримді қамтиды және планетаның климаттық жүйесінде маңызды рөл атқаратын жылуды Солтүстік жарты шарға тасымалдайды.

Зерттеулер жаһандық жылыну нәтижесінде AMOC ағынының баяулауын көрсетті, бұл Жер климатын хаосқа түсіру қаупін тудырады.

«Мұхит айналымының мұндай өзгеруі, әсіресе Солтүстік Еуропа елдері үшін, сондай-ақ әлемнің басқа бөліктері үшін жойқын және қайтымсыз салдарға әкеледі», делінген хатта.

Климатологтардың пікірінше, алғашқы және ең күшті әсер солтүстік Еуропада сезіледі (ең алдымен Швеция, Дания, Финляндия, Норвегия және Исландия). Аймақта айтарлықтай салқындық пен экстремалды ауа райы жағдайлары болады деп күтілуде. Солтүстік-Батыс Еуропадағы ауыл шаруашылығы шабуылға ұшырауы мүмкін.