Жол жөндеу саласындағы жемқорлық схемалары жарияланды

Ғалиасқар Думан

Антикор мәліметінше, 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түскен.  Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дерегінше, соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған, бірақ жол желісінің жай-күйі халық тарапынан шағым тудыруда.

ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАЛАРЫ

Жыл басынан бері ғана Агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеген.

“Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті. Бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады” делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ келісімшарттар көбінесе тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісім шарттарымен жасалады. Қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту ешкімнің бақылауында емес.

ЖОЛ САПАСЫ НАШАР БОЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ

“Жаңа технологияларды енгізуді бақылаудың болмауы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына әсер етеді. Цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырады. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен, жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген” дейді қызмет өкілдері.

Талдау қорытындысы бойынша Агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындаған.

Атап айтқанда, жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау, ҚазжолҒЗИ-ді. сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге қайта бағдарлау, ірі жол жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеу, жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ жолдардың цифрлық картасын жасау жөнінде шаралар ұсынылған.