Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі тұтынушылық несие нарығына білек сыбанып кірісе бастады. Олардың көздегені не? Қарызға өмір сүру әдетінен арылтқысы халықты келеді ме? Ал банктердің көздегені не? Болашақта несие алу қиындай ма? Ulysmedia.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Қаржы реттеушілерінің «Несие жорығы»
Соңғы уақытта реттеуші органдардың тұтынушылық несие нарығына су сеуіп, шаң басу әрекеттері ортағасырлық шайқасты елестетеді. Бар амал қолданылып жатыр. Мысалы, болашақта несиенің шекті мөлшерлемелері төмендетілуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр десеңіз, қателесесіз, мақсат – банктерге ондай несиені беруді тиімсіз ету.
Қаржы саласы конгресінің кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтар қарызға өмір сүргісі келгенінен емес, мәжбүр болғандықтан несие алатынын ашық айтты.
- Неге тұтынушылық несие портфелі өсіп жатыр? Өйткені сұраныс бар. Ал неге сұраныс бар? Экономика өссе де, нақты жалақы өспей отыр. Халық бұрынғы өмір сүру деңгейін сақтап қалу үшін несиеге жүгінуге мәжбүр. Сондықтан мәселені екіге бөліп қарау керек. Біріншісі, халықтың нақты табысын арттыру. Жалақы дұрыс өссе, ешкім несие алмайды. Екіншісі, несиені тек төлем қабілеті бар адамдар алуы тиіс, - деді ол.
Алғашқы міндет қиын болса, екіншісін Ұлттық банк пен Агенттік қазірден бастап қолға алып отыр. Бірақ нәтиже қандай болмақ?
Ұсыныс сұраныстан да маңызды
Экономист Арман Бейсембаев қазақстандықтардың несие алу қарқыны бәсеңдей бастағанын айтады.
- Соңғы үш-төрт жылда тұтынушылық несиелердің жылдық өсімі шамамен 30% болған. Биыл бұл көрсеткіш 15% айналасында. Яғни екі есе төмендеді! Өсім әлі бар, бірақ оны әрі қарай 10%-ға дейін түсірген дұрыс. Қабылданған шаралар әсер етіп жатыр, - дейді экономист.
Халықтың қарызға үйреніп қалуы негізгі мәселе емес. Нақты қауіп – инфляцияның үдеуі. Экономика тек тұтынуға сүйенсе, баға өсе береді. Қазір банктер халыққа ақша беріп, оны тауарға жұмсауға мүмкіндік береді, бірақ жалпы экономикалық даму үшін ұсыныс пен өндірісті арттыру маңыздырақ.
- Ақшаны өндірісті кеңейтетін, ұсынысты арттыратын адамдарға беру керек. Ал тұтынушыларды ынталандыруды азайту қажет. Сол кезде сұраныс пен ұсыныс теңесіп, инфляция бәсеңдейді. Бұл оңай емес, бірақ қазіргі жағдайда басқа таңдау жоқ, - дейді Бейсембаев. «
Нарық талабы бір басқа, халық талабы бір басқа
Банктерге несие беруді тиімсіз ету – ең қарапайым тәсіл. Ұлттық банк осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы:
Бұл шаралар банктер үшін тәуекелді арттырады.
- Табыс шегін шектеу жақсы нәтиже береді. Қайтарылмай қалу қаупі жоғары болғанда, банкке ондай несие беру тиімсіз, - дейді экономист.
Банктерге ойланатын уақыт жетті
Бұл шаралардың екінші жағы да бар: банк пайда көрмесе, несие бермейді. Яғни тұтынушыға несиеге мақұлдау алу қиындайды. Кейбір банктер тұтастай өнім түрлерін қысқартуы да мүмкін.
- Коммерциялық ипотекада не болды, есіңізде ме? Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі шектеледі дегенде, банктер бір күнде оны беруді тоқтатты. Базалық мөлшерлеме 18% болса, ипотека 20-23% аралығында ғана беріледі. Ал шекті мөлшерлемені 20% деп қойса, банктер үшін мүлде тиімсіз. Сондықтан олар ипотека беруді доғарды, - дейді Бейсембаев.
Дегенмен тұтынушылық несиелерді толық тоқтату мүмкін емес. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова да бұл пікірді растады.
- Негізгі мақсат – төлем қабілеті жоқ адамдарға несие бермеу. Ал табысы бар, жауапкершілігі жоғары тұтынушыларға несие беруді шектемеуіміз керек, - деді ол.
Несие екінің бірі қолы жетпейтін дүниеге айнала ма?
Қазақстанда тұтынушылық несие жоғалмайды. Бірақ ол бұрынғыдай қолжетімді болмауы мүмкін. Экономист Бейсембаев 2000-жылдарды еске алып, ол кезде несие алу нағыз сынақ болғанын, ал банктер әр клиентті мұқият тексеретінін айтты. Қазір банктер тәуекелшіл болып кеткен. Он қарыз алушының үшеуі төлемесе де, қалғандарының жоғары пайызы банкке пайда әкеледі.
- Жылдар бойы жеңілдетілген жағдай банктерді кепілсіз несиелерге икемдеді. Табысы өте жоғары, тексеру шығындары аз. Кейбір банктер тіпті жұмыссыз адамдарға да несие берген. Мұндайда дефолт оларды алаңдатпайды, - дейді экономист.
Енді реттеушілер бұл тәсілді өзгерткісі келеді. Демек, қарыз алушылар қайтадан қатаң тексеріледі. Банктер тәуекелді клиенттерге бұдан былай көз жұма қарамайды.
Жаңа қаржылық тәртіп
Сонымен қатар, ҚҚС өсімі салдарынан банктер комиссияларын көбейтпек. Бұл несие алуды бұрынғыдан да қымбаттатады. Бұрынғыдай комиссиясыз несие дәуірі аяқталуы мүмкін.
- 2012-2013 жылдары 100 мың теңгеге өтініш берсеңіз, қолыңызға 80 мың тг ғана беретін. Қалғаны – комиссия. Бірақ қайтаратын сома 100 мың + пайыздар. ҚҚС өссе, банктер бұл тәжірибені қайта енгізуі мүмкін, - дейді Бейсембаев.
Халық несиені бәрібір ала береді. Әсіресе күнкөріс үшін ақша керек отбасылар несие алмай отыра алмайды. Бірақ жағдай қаржылық жағынан тұрақты азаматтарды ойландыруы тиіс. Олар отбасыға екінші көлік сатып аларда, ойланады. Жаңа смартфон сатып аларда да «осы маған қажет пе» деп ойлануы керек.
«Бүгінмен өмір сүр, ертеңге дейін уақыт бар» деген түсінік келмеске кетуі тиіс. Әркім несие аларда қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын естен шығармауы тиіс. Жақын арада қазақстандық банктер мұны сіздерге сезіндіретіні анық.