Үкіметтің Ұлттық қордан алған қаражаты түсімнен асып кетіп жатыр

Аян Өрібай

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Парламентке 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ТАҒЫ ДА 2 ТРЛН

Байбазаровтың айтуынша, заң жобасы Бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленген. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.

– Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 – 78,7 млрд АҚШ долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Байбазаров.

СҮЛЕЙМЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Нұрлан Байбазаровтан кейін мінберге шықққан Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын, жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – ұлттық қордың трансферттеріне сүйенетінін айтады.

– Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда – баланс теріс. Яғни, алынған қаражат оның түсімінен асып кетіп отыр. Мұндай жағдайда, Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор – инвестициялық кіріс. Ол биыл тоғыз айда 10,27% немесе 6,16 млрд доллар болды. Тек осының арқасында Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5%-ке өсіп, 62,7 млрд долларға жетті. Жалпы алғанда, биыл Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгені құрады. Осыған ұқсас деңгей, яғни 5,3 трлн теңге келер жылдың бюджетінде қарастырылды, – дейді ол.

Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер мен басқа алымдар көлемі барлық ақша массасының шамамен 16%-тін құрайтынын атап өтеді.

Еске сала кетейік, президент 2030 жылға қарай Ұлттық қорды 100 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырған еді.