Кенесарының ескерткішін алып тастайды: не үшін, ол кімге керек

Ілияс Бақыт

Астанадағы Кенесары ханның ескерткіші жөнделеді. Сондықтан ханның мүсіні уақытша алынып тасталады. Астана қаласының әкімдігі осылай дейді. Бір қарағанда әдеттегі шара көрінуі мүмкін. Бірақ тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы бұл жерде бір кілтипан бар деп санайды. Ulysmedia.kz тілшісі тарихшының пікірін тыңдап көрді.

Коллаж Ulysmedia

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ

Астана қаласының мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында Есіл өзенінің жағасында орналасқан Кенесары хан ескерткішін 2024-2025 жылдары қайта жаңарту жоспарланған. Ғылыми-техникалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, нысан апатты деп танылған. Оның іргетасының құлау қаупі бар.

“ТӨБЕ ШАШЫ ТІК ТҰРДЫ...”

Тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы бұл жаңалықты әлдебір лауазымды қызмет атқарған кісіден естіген. 

“Бұл ескерткіштің ресми ашылу салтанатына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен 2001 жылдың наурыз айында қатысқанмын. Содан бері арада 23 жарым жыл өтті.  Маған бір үлкен кісі хабарласып сол жаңалықты жіберді. Ол талай жыл бұрынғы президенттің әкімшілігінде қызмет еткен кісі. Төбе шашы тік тұрып...” – деді Сұлтанхан Аққұлұлы. 

ТАРИХТЫ ҚАЙТА ЖАЗУ КІМГЕ КЕРЕК?

Сұлтанхан Аққұлұлы ескерткіш жөндеу жұмыстарына байланысты деп кенеттен алынып тасталуынан неге шошығанын мына оқиғамен байланыстырады. 

“Осыдан екі-үш күн бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің кафедрасында қазақ және Ресей тарихшыларының дөңгелек үстелі өтті. Сонда Ресей тарихшылары қазақ тарихшыларына ортақ тарихымызды жазайық депті. Ол тарихта 19 ғасырда қазақ жерінің отарлап алынғаны, қазақ жерін тәркілеп алғаны, қазақтың мәдениетін тас-талқан етіп, ашаршылық ұйымдастырғаны туралы жазылмасын. Ресей мен Қазақ хандығының қосылуын Ресей империясы тарапынан мәдени жаңғырту ретінде қарастырайық деген әңгіме болған”, – деді тарихшы. 

ӘЛИХАННЫҢ АТЫН БЕРГІЗБЕГЕН

Тарихшының күмәнін қоюлата түскен тағы бір оқиға бар. 

“Биыл 25 қазанда, мереке күні Қызылжар қаласында Солтүстік Қазақстан облысының орталығында Әлихан атындағы мешіт ашылуы керек болған. Ол мешіт 7 жыл бойы салынған. Бірақ биыл ғана ашылған ол мешіттің 107 жылдық тарихы бар. Бірақ сол мешітке Әлихан атын беруге президент әкімшілігі тыйым салды” –деді Сұлтанхан Аққұлұлы.

Тарихшының сөзінше, осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған. 

“Енді аяқ астынан Кенесары ханның ескерткішін жоспарлы жөндеу керек деген сылтаумен құлатып жатыр. Ол  2025 жылы ашылады-мыс. Біз мұндай сылтауды бірнеше рет көрдік. 2004 жылы қала әкімдігінің жоспарымен Керей мен Жәнібек ханның ескерткіштерін орнату керек болған.  Бірақ сол кезде Астана қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов оны қоқысқа лақтырып тастады. Оны “Азаттық” тілшілері тауып алды.  Шу болғаннан кейін Тасмағамбетов оны оң жағалаудағы Назарбаев музейінің алдына қоя салды”, – дейді тарихшы. 

Сұлтан Аққұлұлы бұл оқиғалар кездейсоқ емес деп санайды.

“Осының бәрі бір ағымдағы саясат. Кездейсоқ емес. Мұның бәрі бір саясаттың желісі. Бір сценарий. Өз басымның көзқарасы бұл президент әкімшілігінің іске асырып отырған саясаты” – деді Сұлтанхан Аққұлұлы.

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ

Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы – әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист. Еуразия ұлттық университеті “Алаш” мәдениет және рухани даму институтының жетекшісі. 1962 жылы Түркістан қаласында туған. 1990 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. 

Ауғанстанда әскери борышын өтеген. Алматыда өрт сөндіру қызметінде, Политехникалық институттың зертханасында, Ақтауда кәсіптік-техникалық училищеде жұмыс істеген. 1990-1995 жылдары ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, 1995-1996 жылдары Өнер академиясында кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, 1995 жылдан Прагадағы «Азаттық» радиосының тілшісі. 1997-2001 жылдары осы радионың Астанадағы тілшілер қосынының басшысы, 2001 жылдан Прагадағы қызметкері. 1991- 1994 жылдары ол Ресей мұрағаттарынан Ә.Бөкейханға қатысты мол мұра тапты. 1995 жылы зерттеутті Ә.Бөкеханның «Таңдамалысын» құрастырып, бастыртты.