Депутаттар ел арасында әлі де қызу талқыланып келе жатқан уақыт мәселесін мәжіліс мінберінен көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ӘТЕШТЕР ӘБІГЕРГЕ ТҮСТІ”
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бірыңғай уақыт белдеуінен адамдардың әбігерге түскенін ащы мысқылмен жеткізді.
“Түнгі жарымда таң атып кетеді. Әзілдеп айтатын болсам адам түгілі әтештер әбігерге түсіп жатыр. Сондықтан осы күннің көтерілуі мен күннің батуына қарап маңдайымызға жазылған уақытқа бағынайық. Уақытты бағалай алмаған бақытқа жете алмайды дейді. Қайтадан қарастырып, оңтайлы бір шешім шығарсақ деген ұсыныс емес өтінішім бар”, – дейді Зайытов.
Ал оның мәжілістегі әріптесі Дәулет Мұқаев бұл қадам үнемге емес, керісінше шығынға әкеліп соғып жатыр деп есептейді.
“Ертеңгі күні міне күн мен түн теңесе бастайды ғой қазан айында. Сол кезде не болады? Сол кезде төрт жарымда қараңғы батады. Ал қараңғы батқан кезде не істейміз біз? Бүкіл үй коммуналды мекеме, мектеп болсын жарық қосамыз. Ал біз айтамыз қазір энергияны үнемдеу керек дейміз. Қайдағы энергия үнемделген логикаға сыймайды”, – деді Дәулет Мұқаев.
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған.
Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.