Astana Hub-қа бюджеттен қанша қаражат бөлініп жатыр

Аян Өрібай

Astana Hub бюджеттен бөлінген қаражаттың көбін ЭКСПО ғимаратын жалға алғаны үшін жұмсайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

КЕЙІНГІ ҮШ ЖЫЛДА ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНДІ

Сенатта сөз сөйлеген цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев кейінгі үш жылда Astana Hub мемлекет бюджетінен 7,2 млрд теңге аударылғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылы 2,6 млрд теңге, 2023 жылы 2,5 млрд теңге, 2024 жылы 2,1 млрд теңге бөлінген.

– Одан кейінгі жылдарда, 2027 жылға дейін мемлекеттен бөлінетін қаражат қысқара береді. Ол кезде 1,9 млрд теңге болады. Біз бюджет қаражатынан тәуелділікті азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Astana Hub табысқа шыққан резиденттерінен 1 пайыз табысын алып отырады. Алдағы үш жылда тәуелділік (бюджетке қаржылай) айтарлықтай азаяды деп сенеміз, – дейді ол.

ОЛ ҚАРАЖАТ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР

Мәдиевтің сөзінше, мемлекеттен бөлінген бұл қаражат Astana Hub отырған ғимаратты жалға алуға жұмсалады. Қазір Astana Hub ЭКСПО аумағындағы 22 мың шаршы метрлік нысанда отыр. Министрдің сөзінше, бұл аумақ айтишниктерге тар. Себебі мамандар стартаптарды әзірлеу үшін кезекте тұр. Ол ғимаратта қазір коворкиң залдар, акселерациялық оқыту орындары бар. Инфрақұрылымның бәрі жасалған. 

“ӨЗБЕКСТАН ОЗАЙЫН ДЕДІ”

Қазіргі таңда Өзбекстан билігі 400 мың шарты метр аумақтық ірі ІТ-хаб салып жатқан көрінеді.

– Бүгінгі таңда экспорт, стартаптардан түскен табыс жағынан көрсеткіштер тең (Өзбекстанмен). Бірақ олар 400 мың шаршы метрлік ІТ-парк салып жатыр. Қазірдің өзінде 200 мың шаршы метрлік хабты қолданысқа енгізді. Мұндай аумақтар бізге жетпей жатыр. Қазір инновациялық экожүйе дамып келеді. Соған қарамастан, бюджет қаражатынан тәуелділікті азайту міндетін алдымызға қойып отырмыз, – дейді Жаслан Мәдиев.

ASTANA HUB

Astana Hub – ұлттық инновациялық жүйе. Орталық Азиядағы инноваторларды тартудың жетекші орталығы болуға ұмтылатын динамикалық цифрлық хаб. Мемлекет тарапынан технопаркке салықтық жеңілдік берілген. Сонымен қатар, оған келіп жұмыс істеймін деген шетелдік мамандарға 5 жылға дейін мерзімге жұмыс визасы беріледі. Astana Hub қатысушыларын шетелден тартылған кызметкерлер саны бойынша квоталардан босатқан.