Францияда мемлекеттік сапармен болған Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті Эмманюэль Макронға әлеуметтік желі арқылы алғыс білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев Макронды келер жылы елімізге шақырып, оған айтқан алғысын 6 постпен жеткізген. Оның екеуі – қазақ, екеуі – орыс және екеуі француз тілінде шықты.
“Франция көшбасшысын келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым”, деді Мемлекет басшысы алғашқы жазбасында.
Содан кейін Париждегі сапар кезінде қазақстандық делегацияға Франция билігінің көрсеткен ыстық ықыласына тәнті болғанын жеткізіпті.
“Францияға мемлекеттік сапарым кезінде көрсетілген ыстық ықыласқа ерекше тәнті болдым. Мазмұнды келіссөздердің қорытындыларын жоғары бағалаймын. Маған және барша Қазақстан халқына білдірген құрметі үшін Президент Макронға шынайы алғысымды айтамын”, деді Қ.Тоқаев Х-те.
Еске сала кетсек, алдымен Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Франция халықтарын біріктіретін берік достық туралы мәлімдеме жасап, оны X әлеуметтік желісінде қазақ тілінде жариялаған еді.