Енді қайта-қайта студент болатындарды әскерге оқуына қарамай алып кетеді

Ғалиасқар Думан

Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы келіп түсті, оның аясында әскерге шақыруға байланысты өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Заң жобасына мәжіліс депутаттары бастамашы болған.

Мәжілістегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юлия Кучинскаяның айтуынша, түзетулер азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің тұтас жүйесін құруға және осы салада келісілген жұмыс жүргізу үшін осы жұмысқа барлық мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартуға бағытталған.

КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУҒА ҚАТЫСТЫ

Заң жобасына сай, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру оңтайландырылмақ. Бұл жоғары оқудың келесі деңгейіне өтпестен әскерге бармау үшін қайта-қайта оқуға түсетіндерге қатысты болмақ.

Депутат Кучинская сөзінше, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру бұрынғыдай қала береді, ал түзетулер 27 жасқа дейін келесі кезеңге өтпей бір жерде оқитындарға қатысты болмақ.

БАЙДЫҢ БАЛАЛАРЫ ЕНДІ ЖАЛТАРА АЛМАЙДЫ

Яғни бакалавр, магистратура, докторантура сатысымен оқып жатқандарда оқуына байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру ммүкіндігі болады, ал екінші, үшінші бакалавр, екінші магистратура оқып жатқандар армиядан жалтара алмайтын болып тұр.

“Бізде әскерге ата-анасы бірнеше жоғары оқу орнының ақысын төлей алмайтын, табыстары орташа отбасылардың балалары келіп жатады. Осындай әділетсіздіктің кесірінен біреулер әскерден қалып қойып, біреулер барады. Бұл әскердегі ахуалға әсер етпей қоймайды” дейді депутат.