Қазақстанда қайырымдылыққа ақша жинауға шектеу қойыла ма

Аян Өрібай

Бұл сұраққа Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Инбизнес

ӘЛНАЗАРОВАҒА СҰРАҚ

– Қазақстанда өзі немесе баласы ауырған азаматтар әлеуметтік желі арқылы қайырымдылыққа ақша жинап жатады. Күн де көреміз. Бірақ таяуда БАҚ-та «енді осындай қайырымдылықтарға ақша жинауға шектеу қойылады екен, өйткені алаяқтар көбейіп кетті, енді ақша жинайтын қорлар аккредиттелуі тиіс, әйтпесе жеке адамдардың өзі ақша жинай алмайды екен» деген ақпараттар шығып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұған не дейді? Сіздің бұл сұрақта ұстанымыңыз қандай? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.

МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігіне шетелде емдеуге арналған аурудың тізімі бар. Яғни, Қазақстан аумағында медициналық қызметтердің көрсетілмейтін тізімі жасақталған. Соған байланысты республикалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр.

– Алайда кейбір ата-аналар баласы үшін қосымша қаражат жинап, шетелге барып емделгісі келіп жатады. Сондықтан, бұл жерде әр азаматтың өзінің құқығы деп білемін. Бұл жерде өз ұстанымымызды қосымша беретін шығармыз деп ойлаймын. Себебі мүмкін Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысымен жинақталуы керек шығар. Кейбір ата-аналар, үлкен кісілер барып жатқаннан кейін оралуына санитарлық авиация қызметтері керек болып жатады. Асқыну жағдайлары да көбейіп жатыр. Сондықтан, бұл жерде дәрігерлердің негізгі кеңесіне және Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымына сәйкес жүрсе деп ұсынамыз. Нақты медициналық қызмет Қазақстанда көрсетілмесе, шетелде емдеуге тиісті қаражат қарастырылған, – дейді ол.

Портал тілшісі республикалық бюджеттен бөлінген қаражат қаншалықты жетіп жатқанын сұраған. Себебі әлеуметтік желіде көмек сұрағандар көп. Мысалы, бұл бағытта 2023-2024 жылы қанша қаражат бөлінді? Шетелде емдеуге мұқтаж қанша азамат көмек алды? Министрге осы сұрақтар қойылған. Алайда бюджет жағынан Әлназарова нақты жауап бермеді.

– Негізі көмек Қазақстанда көрсетілмесе, ешқандай шектеу жоқ. Нақты диагноздарына сәйкес, науқастардың санына байланысты қаражат қосымша бөлініп отырады. Алайда Қазақстанның емделіп жатқан ауруханаларындағы үлкен жағдайларға байланысты бас тартып, шетелге бару немесе бармау әр азаматтың өз құқығы. Бұл жерде шектеу қою деген мәселені біз өз тарапымыздан қолдаймыз деп айта алмаймыз, – дейді ол.

“Әр адам мұқтаж болса қайырымдылыққа қаражат жинай бере алады ғой? Оған шектеу қойылмай ма?” деген сұраққа Әлназарова ол мәселені жеке өзі де қарап отырғанын айтады.

– Қаражат жинау бойынша әлеуметтік желіге ақпарат шықса, өз тарапымыздан мамандармен зерттеп, қосымша көмекті ұсынып, Қазақстанда көмек ала алатындарын түсіндіреміз. Әр науқас ДСМ назарында деп айтуға болады, – дейді ол.