Атышулы Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтеді

Ғалиасқар Думан

Соңғы уақытта түрлі қылмыстық оқиғалар, бандылардың әрекеттері арқылы аты шыққан Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

МӘН-ЖАЙЫ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы уақытта республика бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді.

Олардың арасында Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласы да бар.

Алматы облысы Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне сай, Талғар қаласы әкімінің сайлауы 2024 жылғы 15 желтоқсанға тағайындалған.

ХАСАННЫҢ ҰСТАЛУЫ МЕН ШЕРЗАТ ІСІ

2 қараша күні Талғардағы “Хутор” бандысының басшысы делініп жүрген Хасан Қасымбаев ұсталды. Ол 2021 жылғы маусымда болған оқиға аясында қамалған. Қасымбаев спортшы Арман Әлімовтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оны ұрлаған адамдардың әрекетіне қатысы бар-жоғына байланысты тергеліп жатыр. Жәбірленушінің анасы ұлын ұрлап, ұрып соғуға дәл осы Қасымбаев тапсырыс бергенін айтады.

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

ИЗОЛЯТОРДАН ҚАШУ

21 қазан күні Талғарда изолятордан орлау бабы бойынша күдікке ілінген азамат қашып кетіп, араға бірнеше күн салып бір-ақ ұсталған.