Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге заң жүзінде тыйым салады

Сырым Қаржас

Австралия билігі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік медианы пайдалануға қатаң тыйым салуды көздеп отыр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Энтони Албанезе хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ТЫЙЫМ

Албанезенің айтуынша, үкімет дайындаған заң жобасы парламентке 2024 жылы енгізіліп, ратификацияланғаннан кейін 12 айдан кейін күшіне енеді, деп жазады CNN. Заң балаларды интернеттегі зиянды мазмұннан қорғаудың ең қатаң шарасының бірі болмақ. Ата-анасы келіссе де, балалар әлеуметтік платформаларды пайдалана алмайды.

Энтони Албанезе тыйымның орындалуы үшін жауапкершілік толығымен әлеуметтік медиа платформаларға жүктелетінін атап өтті. Бұл Instagram, Facebook (Meta Platforms), TikTok (ByteDance) және YouTube сияқты ірі қызметтерге қатысты.

– Әлеуметтік медиа біздің балаларымызға зиянын тигізеді. Мен оларға тыйым салуды талап етемін, – деді премьер-министр баспасөз мәслихатында.

Бастама платформаларға қажетсіз контенттің таралуын болдырмауға мүмкіндік береді, деп қосты ол.

Байланыс министрі Мишель Роулэнд заң жобасы әлеуметтік медианың жасөспірімдердің психикалық денсаулығына кері әсерін көрсететін соңғы зерттеулерді қарастыратынын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл жаңалық цифрлық ортаны реттеуді күшейтудегі маңызды қадам болатынын айтады.

Компаниялар бұл мәлімдемелерге әлі жауап берген жоқ.

ӘЛЕМДІК ҮЛГІ

CNN бірнеше елдер мұндай шектеулерді енгізу мүмкіндігін талқылап жатқанын атап өтеді. Мысалы, Францияда 15 жасқа толмаған пайдаланушыларға тыйым салу ұсынылады, бірақ ата-аналардың келісімімен шектеулерді айналып өту мүмкіндігі бар. АҚШ-та технологиялық ұйымдарға 13 жасқа толмаған балалардың деректеріне қол жеткізуіне ата-аналардың келісімін сұрау талабы бар, бұл балалардың осы жасқа дейінгі әлеуметтік желілерді пайдалануын шектейді.

Дегенмен, австралиялық тәсіл өзінің қатаңдығымен ерекшеленеді. Егер заң қабылданса, ол балаларды әлеуметтік медианың теріс әсерінен қорғаудың әлемдік үлгісі болады.