Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Абзал Досым

7 қарашада Алматы облыстық соты журналист Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ЖАЗА КҮШЕЙЕ ТҮСТІ

Бұл жөнінде Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлаған. Биыл тамызда бірінші инстанциядағы сот Думан Мұхаммедкәрімді жеті жыл түрмеге кескен еді. Оған қоса, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.

Жеті жылдық түрме жазасы өзгеріссіз қалды. Қосымша жаза күшейтілді. Прокурор сотта Думанды үш жылға қоғамдық орындарға, жиналыстарға баруға, қатысуға, ақпарат құралдарына сұхбат беруге және тағы өзге де шектеулер қоюды сұраған. Судья соның өтінішін орындады – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

ҮКІМДЕГІ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Адвокат "бірінші сатыдағы сот Думан Мұхаммедкәрімге үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Ал оның апелляциялық сот салған тыйымнан айырмашылығы қандай?" деген сұраққа да жауап берді.

Сот құжаттарына сүйенген адвокат бірінші сатыдағы сотта Думанға қойылған шектеулер: қызмет түрлері нақты көрсетілмегенін, ал бұл жолы нақты жазылғанын айтты. Журналист қатыса алмайтын орындар немесе қолдана алмайтын платформалар арасында "конференциялар, дебаттар, телебағдарламалар, оның ішінде БАҚ, әлеуметтік желілер және басқа да телекоммуникация желілері, ереуілдер, бейбіт жиындар, саяси партиялар, діни ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіподақтар" бар.

Бұл іс жүзінде үйқамақ болады – деді адвокат.

КАССАЦИЯҒА ШАҒЫМ

Адвокаттың сөзінше, апелляция сатысында Думан Мұхаммедкәрімге іс материалдарымен толық танысып үлгеруге мүмкіндік бермеген. Журналист те, адвокат та үкімді заңсыз санайды және кассацияға шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Сотта біздің өтініштерді мүлде қарастырған жоқ. Құқық тапталды. Сот саяси тапсырысты орындады деп санаймыз – деді адвокат.

Апелляция соты жабық өтті. Оған жақтастары, ақпарат құралдары кіре алмады. Олар "Думанға бостандық!" деп айқайлаған. Ғимарат маңын арнайы жасақ күзетіп тұрды.

Адвокаттың сөзінше, қорғау жағы журналисті Қапшағайда қалдырып, сосын сол жерден Заречныйға ауыстыруды сұрап, Астанаға өтініш жазған. Әзірге жауап келмеген. Бұған дейін журналист Талдықорғандағы изоляторда болған.

Алматы облыстық сотының сайтында сот жөнінде ешқандай хабар жоқ.

Думан Мұхамедкәрім ауыр жаза арқалады. Құқық қорғаушылар «саясиланған іс» деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпанда басталып, тамызда үкім шықты. «Экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айып тағылған Мұхамедкәрім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, журналист үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды.

Мұхамедкәрім – 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистердің бірі. 2023 жылдың басында ол 238 адам қаза тапқан қырғын жайлы белсенді айта бастады. Көп ұзамай Мәжіліске мажоритарлық тәртіп бойынша кандидат атануға тырысқан тілшіні округтік сайлау комиссиясы  Конституцияның «республика аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан болуы керек» деген 51-бабы 4-тармағына сай емес деп, тіркеуден бас тартты. Думан Мұхамедкәрім Алматы облысы №12 бірмандатты сайлау округі комиссиясының әрекеті заңсыз болғанын сот арқылы дәлелдеп шықты.

20 наурызда журналист Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырып аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді. 2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынып, экстремизмді қаржыландырды және тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты деген айып тағылды. Іске журналистің экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде қашып жүрген БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.