Павлодарда дауға ұрынған Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болды

Сырым Қаржас

Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 9 қарашадағы өкімімен президент әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Әнуар Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ТАПСЫРМАНЫ ҮЙІП-ТӨГІП БЕРДІ

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа әкімге президент жолдауында айтылған міндеттерді алға тартып, қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары мен құрылыс салаларындағы мәселелерді шешу бойынша белсенді жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.

Өңір басшысы жүктеген тапсырмалардың ішінде қаладағы электрмен жабдықтау тапшылығы мәселесін шешу, ол үшін жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй салу және сатып алу жұмыстарын жандандыру бар.

Еске сала кетсек, тамыз айында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қызметінен кеткен еді.

ӨТКЕНГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК

2018-2019 жылдары Күмпекеев Павлодар қаласының әкімі болған. Бұл қызметте ол бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланып, ысырапқа жол бергенімен есте қалды.

Мәселен, 2018 жылы шенеунік алты миллион теңгеге әкімдікке қара ағаштан жасалған жиһаз сатып алған. Жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін Күмпекеев қатаң сөгіс алды.

2018 жылдың желтоқсан айында тағы да сөгіс алған. Күмпекеевтің шамамен 50 миллион теңгеге қызметтік тұрғын үй сатып алғаны белгілі болды. Бюджет ақшасына ол зәулім үйден екі қабатты керемет пәтер сатып алған.