Ақтөбедегі тікұшақ апаты: қаза тапқан офицердің артында екі баласы қалды

Сырым Қаржас

Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшесі 36 жастағы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов екені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

АНЫҚ-ҚАНЫҚ

Қорғаныс министрлігі Батыр Оразымбетовтің Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының авиациялық эскадрильясында нұсқаушы офицер болғанын хабарлады.

Марқұм Б.Оразымбетов 2009 жылы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын «Ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген.

Үйленген, екі бала тәрбиелеп өсірген.

ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙ

Сондай-ақ оқыс оқиға кезінде Солтүстік әскери округі Әскери институты авиациялық эскадрилья командирі майор Бибарыс Ибраев пен Солтүстік әскери округі Әскери институты авиациялық оқу орталығының аға нұсқаушысы, аға лейтенанты Рүстем Нығметов жарақат алды.

"Олар қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты және ауыр деп бағаланып отыр", – деді министрліктегілер.

ОҚИҒА ЖЕЛІСІ

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің МИ-8 тікұшағы құлап, бір адам қаза тапты. Оқыс оқиға 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында оқу-жаттығу ұшағы кезінде болған.

Қорғаныс министрлігі тікұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болғанын мәлімдеді. Кейінірек Ақтөбе облысының әкімдігі өңірдегі ұшақ апатынан зардап шеккен екі адам ауруханада жатқанын, жағдайлары тұрақты ауыр екенін хабарлады.