Атырау облысының Ақкөл ауылында 11 қараша күні таңертең жеке үй өртеніп кетті. Өрттен екі адам – анасы мен баласы қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Уәлиханов көшесіндегі үйден шыққан түтін туралы өрт сөндірушілерге 11 қараша күні таңғы сағат 4:30-да хабарланды.
Өрт 72 шаршы метр үйге қосымша жалғасқан құрылыстан басталғаны белгілі болды. Оқиға орнында өрт сөндірушілер 66 жастағы әйел мен оның 35 жастағы ұлының жансыз денесін тапты.
Қайтыс болған әйелдің 68 жастағы жұбайы ауруханаға екі қолы күйген күйде жатқызылды, сонымен қатар бес жасар қыз көміртегі тотығымен улану белгілері бойынша ауруханаға жеткізілді.
ТЖД МӘЛІМДЕМЕСІ
Өрт 5:52-де оқшауланып, 6:30-да толығымен жойылды. Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД Құрманғазы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінің тоғыз қызметкері, екі техника және «GRWORLD» ЖШС-нің үш қызметкері, бір техника жұмылдырылды, – деп хабарлады облыстың ТЖД.
Өрттің себептері анықталып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар қаласында үлкен дүкен өртке оранған болатын.