Онкологиямен ауырғандар саны жылына 20 мыңға көбейеді: бюджет қысқара ма

Аян Өрібай

Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаевқа қойды.

Ulysmedia коллажы

СҰРАҚ

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруы бар адамдарға бөлінетін дәрі-дәрмекті қысқартқалы жатқаны жөнінде көп айтылды. Кейін мәселе реттелді делінді. Сонда министрлік нақты қандай шешімге келді? Бұл бағытта бюджеттен 2025-27 жылдары қанша қаражат бөлінеді? – деп сұрады вице-министрден.

“БЮДЖЕТ ҚЫСҚАРМАЙДЫ”

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев онколоогиялық ауруы бар адамдарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі өте өзекті екенін айтады. Себебі бұл ем-домның сапасына, өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді.

– Дәрі-дәрмекке деген өтінім бізде диспансерлік есепте тұрған пациенттердің тізіміне қарай қалыптасады. Бірақ оған қоса басқа да пациенттердің пайда болатынына байланысты қосымша мөлшерге деген өтінім қалдыру керек. Қазақстанда жылына пациенттер (онкологиялық ауруы бар) саны 20 мыңнан астам адамға өседі. Сол себепті бұл айтарлықтай күрделі міндет, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда “СҚ-Фармация” компаниясы дәрі-дәрмектің (оның ішінде онкологиялық препараттар бар) таусылмайтын мөлшерін қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі онологиялық профильдегі дәрі-дәрмек препараттарын қажеттілік туындаған жағдайда бір диспансерден екіншісіне жеткізу (асқан жағдайда) тәжірибесін қолға алған. 

– Әр пациентке ем-домның персоналды тәжірибесі қолданылады. Сол себепті белгілі бір диспансерге қажетті дәрі-дәрмектің тура қажеттілігін алдын ала айқындау мүмкін емес. Сондықтан, дәрі-дәрмек препараттарының пулын әзірлеп, оны бір диспансерден екіншісіне көшіру тәжірибесі қолданылады. Мұның оң эффестісі көрінер деген сенімдеміз. Ал келесі жылы сатып алынатын препараттардың мөлшері жайлы нақты мәліметтерді кейін береміз, – дейді ол.

“ҚОСЫМША АҚША СҰРАЙМЫЗ”

2024 жылы бұл бағытта қанша қаражат бөлінді? 2025-2027 жылдары ол қаражат азаймай ма? Бұл сұраққа жауап берген Ержан Нұрлыбаев “бюджет кемі 2024 жылғы деңгейде сақталатынын” айтады. “Онкологиялық ауруы бар адамдарға бөлінетін бюджет қаражаты (дәрі-дәрмекпен қамту жағынан да) қысқармайды” дейді ол. Алайда жылына “20 мың адам осындай ауруларға шалдықса бюджеттен қаражатты көбірек алу қажеттілігі туындамай ма?” деген сұрақ та қойылған. 

– 2025 жылы бізде Қаржы министрлігіне бюджеттен қаражат сұрау мүмкіндігі бар. Бюджетті нақтылау кезінде өсім жағынан сұрай аламыз. Біз ол мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамыз, – дейді ол.

АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ СЫНЫ

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұған дейін паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандық қиын жағдайда екенін жазған еді. Ол Жоғарғы аудиторлық палатаның есебіне назар аударуға шақырған.  

МӘСЕЛЕ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ

Онкологиялық науқастар үшін бюджетті қысқарту мәселесін Денсаулық сақтау министрлігі көтергелі біршама дау туындаған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы онкологиялық қызмет мәселелері талқыланып жатқан мәжіліске келмеген еді. 

Денсаулық сақтау министрлігі кенеттен онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бюджетті 20% қысқартуға шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, ведомствоны осындай маңызды шешім «кулуарлық» және талқылаусыз қабылданғаны үшін сынға алды.

Кейін Аймағамбетов бюджет қысқармайтыны туралы ортақ шешімге келгенін хабарлады.