Қазақтар, сендерге не болған: баспагер «Нурикамал» фильмін сынап тастады

Сырым Қаржас

AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай прокатқа шығып жатқан «Нурикамал» фильмін сынап тастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ӘНІ ҰНАМАЙДЫ

Баспагер «Нұрикамал» киносы туралы көп жазып кеткенін айтады. Алайда баратын да, қарайтын да ой жоқ дейді.

– Өйткені әні ұнамайды. Нақтырақ айтса, шығу тарихы ұнамайды. Үш баланың әкесі Нұрикамал есімді жас келіншекке ғашық болып қалады. Ал ақын әйелі болса оның бұл махаббатын қолдап, күйеуінің атынан әлгі келіншекке арнап өлең жолдарын жазып беріпті. Мұны әйел даналығы деп көтермелеуге тырысуда. Кейбіреулер шығармашылық үшін отбасын неге құрбандыққа шалмасқа деп, мұны ерлікке телиді екен. Бұл мысалды дәріптейтіндерді түсіне алмадым. Қазақтар, сендерге не болған? Күйеуінің тірлігін жеке басым сатқындық деп қабылдаймын. Әйелі мен бала-шаға алдындағы еркектің жауапкершілігі қайда қалды сонда? Өз басым мұндай азаматтарды түсінбеймін. Ал ақын әйелдің тірлігінде ешқандай даналықты байқап тұрғаным жоқ. Кейін үшеуі жақсы араласып кетті деп жазып жатыр. Бір отбасы шеңберіндегі мұндай қарым-қатынастар бүкіл ұлтқа үлгі болмауы тиіс деп ойлаймын, – дейді ол.

Бұқарбай мұның бәрін дәріптеудің қажеті жоқ деп есептейді.

ФИЛЬМ ЖАЙЛЫ 

Жақында ғана жарыққа шыққан фильм туралы желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп жатыр. Сюжет желісі бойынша ақын Ханбибі Есенқарақызы шығармашылық тоқырауға ұшырап, күйзелісте жүрген сазгер жарын шабыттандыру үшін тау бөктеріне демалысқа апарады. Алайда композитор жүрегі шабытты таза ауа мен әсем табиғаттан емес, мәдениет қызметкері Нурикамал сұлудың бойынан тауып, нәзік болмысын жаңа әнге арқау етеді. Сазгер Ізтаевты Олжас Дәлелхан сомдайды. Сазгерге ән, ақынға жыр болған Нурикамал образын Фариза Ескермес алып шыққан.