Прокурорлар «Семей орманында» тағы бір былықтың бетін ашты

Сырым Қаржас

Абай облысында прокуратура жалған дипломмен жұмысқа орналасқан «Семей орманы» резерваты қызметкерлерін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзденс

ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ

Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жоғары оқу орындарын бітіргені туралы жалған дипломдармен жұмыс істеген Резерваттың 5 қызметкерлерін, оның ішінде бір филиал басшысын анықтаған.

– Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің мәліметіне сәйкес аталған қызметкерлерге диплом берілмеген. Осы фактілер бойынша ҚК 385-бабының 3-бөлігі (жалған құжаттарды жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға жолданды, – делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

САТЫЛҒАН АҒАШТАР

Бұған дейін «Семей орманының» өртенген қалың қарағайы жүздеген миллионға сатылып жатқанын хабарлаған едік. Хабарландыру мемлекеттік аукцион сайтында пайда болды. Аукцион сайтында бірден 30 лот жарияланды. Өртенген ағаш учаскелерінің бағасы 30 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін барады. Сатушы – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты.

СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ ӨРТ

Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанған еді. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды (қазір ол да бұл қызметте жоқ). Антикор мәліметінше, төтенше жағдай министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше басшылары жасаған. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.

Бородулиха аудандық соты резерват қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін (ҚК 292-бабы 3-бөлігі) екі адамды кінәлі деп танып, әрқайсысын жеті жылдан бас бостандығынан айырған болатын.