Еуропарламент депутаты Джузи Принчи маған сұхбат беретінін тек сол күні таңертең білді. Ол сұрақтарды алдын ала жіберуді өтінген жоқ. Баспасөз бостандығы туралы әңгіме өрбіткенде, журналистің ыңғайсыз сұрақтар қоюына мүмкіндік беру демократияның ажырамас бөлігі екенін айтты.
2024 жылы Еуропарламентке сайланған италиялық саясаткер Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегацияны басқарады. Қазақстанға сапары кезінде онымен кездесіп, Еуропа мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста адам құқықтары, тәуелсіз баспасөз және әйелдердің саясатқа шынайы араласуы қаншалықты маңызды екенін талқыладық.
Әңгіме барысында бұдан да ауқымды мәселелер қозғалды. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасы, шетелдік инвесторлардың жауапкершілігі, Еуропамен экономикалық әріптестікті дамыту мен заң үстемдігі қағидатын сақтау арасындағы байланыс туралы сөйлестік.
ӘЙЕЛДЕР, БІЛІМ ЖӘНЕ ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІ
Сіз саясатқа білім беру саласынан келіп, Еуропарламентке дейінгі жолдан өттіңіз. Әйелдер саясатқа жай ғана қатысушы болып қоймай, шешім қабылдауға ықпал етуі үшін қандай жағдай жасалуы керек? Саяси мансап құруға ұмтылған қазақстандық әйелдерге өз тәжірибеңізден қандай үлгі ұсынар едіңіз?
– Иә, мен еңбек жолымды мектептен бастадым. Білім мен кәсіби даярлықты адамның қабілетін ашып, соның ішінде мансаптың биік белестеріне жетуге мүмкіндік беретін аса маңызды әлеуметтік құрал деп санаймын.
Әйелдер әлі де бұл жолда түрлі кедергілерге тап болады. Көп жағдайда ерлерді қуып жетеміз деп жанталасуға мәжбүр. Мен Еуропадағы жағдайды айтып отырмын. Бұл ғылым саласына да, экономикаға да қатысты. Сондықтан Еуропарламентте гендерлік алшақтықты, соның ішінде еңбекақы төлеудегі теңсіздікті жою бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас, тіпті күрделірек болуы мүмкін. Кездесулеріміздің бәрінде гендерлік теңдік негізгі құқықтардың іргетасының бірі болуы керектігін баса айтамыз. Қазақстанның жаңа парламентінде саясатқа араласатын әйелдердің үлесі артқаны бізді қуантты. Алайда әйелдер өз көзқарасын дербес білдіріп, нақты шешім қабылдауға да мүмкіндік алады деп үміттенеміз.
Меніңше, идеологиядан ада, еркін мектеп, одан кейін дербес әрі тәуелсіз университет әйелдердің мүмкіндігін кеңейтуге негіз бола алады. Соның арқасында әйелдер басшылық қызметтерге көбірек келе алады.
Бұған қоса, ағартушылық науқандар мен сіздердің басылымдарыңыз секілді тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары қажет. Олар жас ұрпақтың көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Өзара құрметті бала бойына ерте жастан сіңіру керек. Бұл ретте білім беру жүйесі де, бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық жұмысы да маңызды.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституцияда білім алу құқығына кепілдік берілген. Алайда діни орамал тағатын қыздарға қатысты мектеп формасына қойылатын талаптар қоғамда пікірталас тудырып жүр. Мен үшін баланың білім беру жүйесінен тыс қалмауы өте маңызды. Мұндай талқылаулар Еуропада да бар. Сіздіңше, мектептің зайырлы сипатын, діни сенім бостандығын және қыздардың білім алу құқығын қалай үйлестіруге болады?
– Діни сенім бостандығы – Еуропаның құқықтық жүйесіндегі негізгі қағидаттардың бірі. Ол одаққа мүше барлық мемлекетке ортақ. Әрине, бұл бостандық зорлық-зомбылыққа және қауіпті радикалдануға әкелетін діни экстремизмге ұласпауы керек.
Ал орамал тағу мәселесіне келсек, мұнда да таңдау еркіндігі болуы тиіс. Өйткені орамал адамның белгілі бір ұстанымын, мәдениетін, соның ішінде діни сенімін білдіреді. Мұндай көріністерді қорғап, құрметтеу қажет. Бұл да құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларына жатады.
Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Діндегі де, ой-пікір еркіндігіндегі де айырмашылықтарды қабылдап, құрметтеу керек.
Мен айтып отырғандарым ақыл-кеңестен гөрі құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаттары. Қазақстанмен арадағы маңызды байланысты да осы құндылықтар негізінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл тек сауда-саттыққа арналған көпір емес. Ең алдымен, демократия, бостандық, халықтар мен мәдениеттердің негізгі құқықтары мен еркіндігін құрметтеуге негізделген байланыс.
Бұған діни сенімді білдірудің әртүрлі жолдарын құрметтеу де кіреді. Тек ол зорлық-зомбылыққа ұласпауы керек. Зорлық-зомбылыққа Еуропада да, Қазақстанда да, басқа ешбір елде де жол берілмеуге тиіс.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПА: ӘРІПТЕСТІКТІҢ ШАРТТАРЫ
Сіз Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдадыңыз. Бүгінде олардың іс жүзінде жүзеге асуына, әсіресе адам құқықтары, БАҚ бостандығы және демократиялық институттардың дамуы тұрғысынан қалай баға бересіз? Қазақстан билігімен диалогыңызда бұл мәселелер қандай орын алады?
– Біз баспасөздің дербестігі мен тәуелсіздігін сөзсіз жақтаймыз. Бұл Қазақстандағы достарымызбен үнемі талқылайтын демократияландыру үдерісімен тікелей байланысты.
Брюссельде де, Қазақстанда да өтетін әрбір екіжақты кездесудің күн тәртібінде адам құқықтары мәселесі міндетті түрде болады. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейміз. Белсенділерден бейресми жолмен немесе баспасөз арқылы келіп түсетін құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты жинап, кейін Қазақстан билігінің назарына жеткіземіз.
Бұдан бөлек, Қазақстанмен кеңейтілген әріптестік туралы келісіміміз бар. Онда заң үстемдігі экономикалық қарым-қатынастардың да негізі ретінде қарастырылған. Сондықтан осы құқықтарды қорғауды жалғастырып келеміз. Қазақстанмен достық қарым-қатынасымыз аясында ықтимал заң бұзушылықтар туралы келіп түскен өтініштер мен мәліметтерді билікке ашық, шынайы әрі жүйелі түрде жеткіземіз.
Сіз Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясын басқарасыз. Сондықтан Қазақстанның қандай геосаяси жағдайда тұрғанын жақсы түсінесіз. Ресей мен Қытай – еліміздің ең ірі көршілері әрі маңызды әріптестері. Сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, Еуропалық одақпен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.
Геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстанның халықаралық әріптестігін нығайтып, сындарлы диалогты сақтауға бағытталған президенттің әрекетін қалай бағалайсыз? Еуропа тарапы Қазақстан үшін Ресеймен және Қытаймен тұрақты, тату көршілік қарым-қатынасты сақтау қаншалықты маңызды екенін ескере ме?
– Біз Қазақстанның географиялық орналасуын да, тарихи жағдайын да жақсы түсінеміз. Қытай мен Ресей сияқты ықпалды көршілеріңіз бар. Қазақстанның осы екі мемлекетпен байланысын айқындайтын мүдделерді де түсінеміз.
Сонымен қатар бейтарап ұстанымның маңызын атап өтіп, бұл мәселені Қазақстанмен талқылап келеміз. Ашық қарым-қатынасымыз барысында қазақстандық тарап көрші елдермен байланысты үзбей, сонымен бірге бейтараптықты сақтап, сыртқы ықпалға бой алдырмаудың қажеттігін түсіндірді.
Украинадағы қазіргі қақтығысқа қатысты Еуропаның ұстанымы белгілі. Біз Қазақстаннан толық бейтарап ұстанымда болуды сұрадық. Сондай-ақ Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту қаупіне назар аудардық. Бұл жағдайды күн сайын бақылап отырмыз. Сондықтан Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын көршілермен арадағы қатынасты ушықтырмай, сонымен бірге Еуропамен байланысты дамытуға деген ұмтылысы деп түсінуге болады. Мұны іс жүзінде де көріп отырмыз.
Біз Ақтауға да барамыз. Транскаспий дәлізінің маңызы ерекше. Өйткені ол Ресей аумағын айналып өтетін балама бағыт ұсынады. Бұл – Еуропаның өз экономикасын әртараптандыруына, ал Қазақстанның Ресейге тәуелділігін азайтуына мүмкіндік беретін еуропалық инвестициялар.
Қазақстанға қазіргі сапарыңыздың негізгі мақсаты қандай? Астана мен Ақтауда қандай кездесулер жоспарланған? Орталық Азияның басқа елдеріне де барасыз ба?
– Жоқ, бұл жолы тек Қазақстанға келдік. Әр сапарымызды белгілі бір елге арнаймыз. Өйткені сол мемлекетті тереңірек танып-білу біз үшін маңызды. Өткен жолы Алматыда болдық, ал қазір Астанаға басымдық беріп отырмыз.
Бүгін түстен кейін Қазақстанмен арадағы парламенттік ынтымақтастық жөніндегі жиырма үшінші отырыс өтеді. Бағдарламамыз өте ауқымды. Мұндай сапарлар ел туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.Үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен және студенттермен кездесеміз. Қоғамның дамуы мен мүмкіндіктерінің кеңеюіне негіз болатын құндылықтарды түсіну тұрғысынан мұндай кездесулердің маңызы зор.
Жасанды интеллект орталығына да барамыз. Қазақстан бұл салада реттеу тетіктерін қабылдаған Еуропадан кейінгі екінші ел болғанын атап өткім келеді.
Одан кейін Ақтауға жол тартамыз. Бұл қала Еуропа белсенді қолдап, қаржыландырып отырған Global Gateway бастамасы аясындағы маңызды стратегиялық торапқа айналып келеді.
Осындай маңызды кездесулер Қазақстанмен арамыздағы достықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Өйткені парламенттік ынтымақтастық жөніндегі отырысымыз биыл жиырма үшінші рет өткелі отыр.
Мен Италияның Калабрия өңіріненмін. Қазақстаннан Жерорта теңізіне тән құндылықтарды таныдым. Бұл – қонақжайлық дәстүрі қалыптасқан, тарихы түрлі мәдениеттердің тоғысуымен және Ұлы Жібек жолымен сабақтасқан өлке. Сондықтан мұндай сапарлар достықты нығайту, жеке байланыстар орнату және қонақжайлық таныту тұрғысынан да маңызды. Қазақстанмен ортақ тұстарымыз көп.
Біздің мақсатымыз – Қазақстанның Еуропа Кеңесіне қосылуына мүмкіндік жасау. Біз берік байланыстардың негізін барған сайын нығайтып келеміз. Әрине, бұл үшін жоғарыда айтқан демократия мен заң үстемдігі сияқты негізгі қағидаттарды мүлтіксіз сақтау қажет.
ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚ ҚОЮҒА МҮМКІНДІК БОЛУЫ КЕРЕК
Алдағы парламенттік отырыста тек жетістіктер ғана емес, әлі де жұмыс істеуді қажет ететін демократия мен заң үстемдігі мәселелері де талқылана ма?
– Иә. Жоғарыда айтқанымдай, біз бұл үдерісте Қазақстанды үнемі қолдап келеміз. Өйткені сөз біз ешқашан ымыраға келмейтін негізгі қағидаттар туралы болып отыр.
Үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер жағдайды барынша анық түсінуге мүмкіндік береді. Кейін сол мәліметтерді парламенттегі әріптестерімізге жеткіземіз. Екі тарапқа да мүмкіндік беретін қарым-қатынас орнатамыз деп үміттенеміз.
Саясаткерлер мен баспасөз арасындағы қарым-қатынасқа толығырақ тоқталғым келеді. Қазақстанда журналистерге қоятын сұрақтарының саны мен тақырыбына шектеу қойылатын жағдайлар кездеседі. Бұған қоса, ыңғайсыз сұрақ қойғаны үшін аккредитациясынан айырылып қалу қаупі де бар.
Еуропарламентте журналистермен жұмыс қалай ұйымдастырылған? Олар депутаттарға қаншалықты еркін әрі өткір сұрақ қоя алады? Баспасөздің саясаткерлерді сынау құқығы мен саясаткерлердің өз құқықтарын қорғау құқығының ара-жігі қалай ажыратылады?
– Бұл – демократияның негізгі әрі қол сұғуға болмайтын қағидаттарына қатысты маңызды сұрақ. Пікір білдіру еркіндігі мен баспасөз бостандығы Еуропа демократиясы үшін аса маңызды. Бұл қағидаттар одаққа мүше жекелеген мемлекеттердің құрылымынан да көрініс табады.
Депутаттар өткір әрі күрделі тақырыптар бойынша да сұхбат береді. Баспасөз оларды қатты сынай алады. Өйткені ол еркін әрі тәуелсіз.
Егер саясаткер өз құқығы мен мүддесі бұзылды деп есептесе, беделіне нұқсан келтірілді немесе оның шынайы ұстанымына сәйкес келмейтін мәліметтер таратылып, жала жабылды деп санаса, сотқа жүгінуге құқылы. Мұндай жағдай демократиялық қоғамда да болуы мүмкін. Бізде сот билігі де тәуелсіз. Бұл қоғамдық қызмет атқаруға байланысты жағдайларды қоса алғанда, адамдардың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Мысалы, осы сұхбатты беретінім туралы бүгін таңертең ғана білдім. Сіздің қандай сұрақ қоятыныңызды да білмедім. Соған қарамастан, пікір алмасуға толықтай ашықпын. Ыңғайсыз болсын, басқа тақырып болсын, ешбір сұраққа кедергі келтірмеймін.
Сұхбат алдында ешқашан сұрақтарды алдын ала жіберуді өтінбеймін. Мұны әңгімелесушіге деген құрмет деп білемін. Сіздер өз жұмыстарыңызды еркін әрі алаңсыз атқаруға мүмкіндік алуға тиіссіздер. Әрине, журналистер де, саясаткерлер де кәсібилік танытып, кәсіби этика талаптарын сақтайды деп күтемін.
ИНВЕСТИЦИЯ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ОРТАҚ МҮДДЕ
Қазақстан Қашаған жобасына қатысатын шетелдік серіктестермен халықаралық арбитраждық дауды қарастырып жатыр. Кен орнын игеріп жатқан консорциум құрамында «ҚазМұнайГаз», италиялық Eni, Shell, франциялық TotalEnergies, америкалық ExxonMobil, қытайлық CNPC және жапониялық INPEX бар. Жобаның операторы – North Caspian Operating Company (NCOC).
Еуропаның ірі компаниялары осы жобаға қатысып отырғанын ескерсек, Еуропарламент бұл дауды қаншалықты жіті бақылап отыр? Арбитраждың тәуелсіздігі мен екі тараптың да құқығын сақтай отырып, мемлекет пен инвестор арасындағы қарым-қатынастың ашық болуына қалай ықпал ете алады?
– Еуропарламент құқықтар мен мүдделердің бұзылуына әкелуі мүмкін жағдайларды жан-жақты бақылап отырады. Алайда әрбір нақты істің егжей-тегжейін біле бермеуіміз мүмкін. Сондықтан бізден тиісті шара қабылдау үшін осындай жағдайлар туралы хабарлауды сұраймыз. Кейін қарарларымыз бен ұлттық және жергілікті билік органдарымен өзара іс-қимыл арқылы әрекет ете аламыз.
Біздің міндетіміз – құқық бұзушылыққа әкеліп, қалыптасқан қарым-қатынас пен әріптестікке қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды бақылау.
Әріптестіктің одан әрі дамуы елдегі заң үстемдігінің сақталуына байланысты екенін атап өткім келеді. Сондықтан мемлекеттің өзі де ашық әрекет етіп, Еуропамен қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін қадамдарға жол бермеуге мүдделі.
Мұндай дауларда мемлекеттің ұлттық заңнама талаптарының орындалуын талап ету құқығын да ескеру керек. Атап айтқанда, Қазақстанның экологиялық органдары экологиялық талаптарды бұзғаны үшін NCOC компаниясына шағым түсірді. Инвестицияны қорғау маңызды, бірақ халықаралық компаниялар да экологиялық нормаларды сақтап, жергілікті тұрғындардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын құрметтеуге тиіс. Еуропалық одақтың экология мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін ескерсек, осы міндеттердің арақатынасын қалай бағалайсыз?
– Әрине, нақты істерге тоқталмаймын. Мәселені жан-жақты зерттемей тұрып, дәл емес пікір айтып қою қаупі бар. Алайда біз үшін экологиялық көшу – тұрақты дамудың міндетті шарты. Бұл бағытта Қазақстанмен де, соның ішінде таза энергетика саласында белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
Көміртегі шығарындыларын азайтуды баламалы энергетиканы одан әрі дамытудың қозғаушы күші ретінде қарастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау халықтың денсаулығы мен елдің дамуына тікелей байланысты. Сондықтан бұл да Қазақстанды қоса алғанда, өңір елдерімен диалогымыздың негізгі бағыттарының бірі.
Қазақстан мен Еуропалық одақтың қарым-қатынасы сауда, инвестиция, энергетика және көлік салаларын қамтиды. Сіздіңше, әріптестіктің келесі кезеңінде қай бағыттарға басымдық берілуі керек? Алдағы жылдары Қазақстанмен ынтымақтастықтан не күтесіз?
– Ең алдымен, Erasmus бағдарламасы арқылы байланыстарды кеңейту қажет. Делегациямыздың қазіргі өкілеттік мерзімі аясында визалық рәсімдерді жеңілдету үшін де нақты қадамдар жасадық.
Бұл студенттер, оқытушылар, азаматтар мен компаниялар арасындағы байланысты нығайтып, алмасу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Яғни қазақстандықтар Еуропаға, ал еуропалықтар Қазақстанға еркінірек келе алуы керек.
Біз адамдар арасындағы алмасу екі тараптың да дамуына серпін беретін ықпалдастықты қалыптастырғымыз келеді. Мұндай байланыстар қазір жолға қойып жатқан маңызды экономикалық және сауда көпірлерімен астасып жатыр. Бірақ сол қарым-қатынасқа жан бітіретін – адамдардың өзі.
Қазақстан халқының жас құрамы әлемдегі ең жас тұрғындардың бірі. Ал Еуропа демографиялық өсімнің айтарлықтай төмендеуіне тап болып отыр. Сондықтан Қазақстандағы жас әрі білікті халық біз үшін өте маңызды.
Бұл – біз таныстырып отырған институттармен бұрыннан танысу мүмкіндігі болған қабілетті жастар. Осындай әлеует Erasmus+ және Horizon Europe сияқты бағдарламаларды қолдап, аясын кеңейтуге берік негіз болады. Бұл бағдарламалар білім мен кәсіби даярлыққа сүйене отырып, зерттеу мен инновацияны дамытуға ықпал етеді. Ал білім мен даярлық қоғамның дамуына күш береді.
Бұл сұхбатта сіз итальян тілінде сөйлеуді құп көрдіңіз. Мен сұрақтарды қазақ тілінде қойдым, сіз ана тіліңізде жауап бердіңіз. Меніңше, бұл әр тараптың өз болмысын сақтай отырып, диалог құруының керемет үлгісі. Сіз үшін мұндай таңдау қаншалықты маңызды?
– Ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Бірақ соған қарамастан итальян тілін таңдар едім.
Еуропа 27 мемлекетті біріктіреді және әрқайсысының өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – сан алуандылықтағы бірлікті қорғау деген сөз. Яғни әр мемлекеттің төл болмысын және мәдени әртүрлілігін құрметтеу.