Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институты құрылады

Ғалиасқар Думан

Қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту мақсатында елде Жылқы шаруашылығы институтын құрылады, деп хабарлайды 

ашық дереккөзден

Тиісті тапсырманы президент Қ.Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында берді. 

Тоқаев жылқы тұқымын асылдандыру мәселесіне ден қою керектігін айтты.

«Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн» деді президент.

Президент Қазақстанда жылқының бірнеше түрі барын, оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше екенін атап өтті.

“Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын» деді президент.

Тоқаев мұндай бастаманы білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүргенін, құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керектігін жеткізді.

Сондай-ақ аталған жиында Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің сыйақысы жөнінде айтты.