АҚШ президенті Джо Байден алғаш рет Украинаға АҚШ жеткізген ұзақ қашықтықтағы ATACMS зымырандарын Ресей аумағына соққы жасау үшін қолдануға рұқсат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
New York Times америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап жазған.
ATACMS МҮМКІНДІКТЕРІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ ЖОСПАРЫ
ATACMS баллистикалық зымырандары 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысандарды дәл көздеуге қабілетті. Басылымның мәліметінше, бұл қару алдымен Ресей мен Солтүстік Корея әскерлеріне қарсы, әсіресе Украина Қарулы Күштерінің Курск облысындағы позицияларын қорғау мақсатында қолданылуы мүмкін.
NYT-тың хабарлауынша, Ресей шамамен 50 000 сарбаздан тұратын әскерді, оның ішінде Солтүстік Корея әскерлерін, Украина күштерінің тамыз айында басып алған аумақтарын қайтару үшін кең ауқымды шабуылға дайындап жатыр.
Украина бұл зымырандарды Ресей мен Солтүстік Корея әскерлерінің шоғырланған аймақтарына, әскери техникасына, логистикалық түйіндеріне, оқ-дәрі қоймаларына және жабдықтау желілеріне соққы жасау үшін пайдалана алады. Бұл Ресей мен Солтүстік Корея күштерінің шабуылын бәсеңдетуге көмектеседі.
САЯСАТТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
Бұл шешім Байденнің президенттік мерзімінің аяқталуына екі ай қалғанда қабылданды әрі АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатының маңызды өзгерісі ретінде бағаланды. Бұған дейін Вашингтон Украинаның Ресей тылына соққы жасауына тыйым салып келген, себебі бұл аймақтағы және Еуропадағы жағдайдың ушығуына әкелуі мүмкін деп қауіптенген.
Алайда, кейбір шенеуніктер бұл зымырандардың қолданылуы Ресей президенті Владимир Путинді АҚШ пен оның одақтастарына қарсы әскери әрекетке итермелеуі мүмкін екенін ескерткен. Дегенмен, басқа сарапшылар бұл алаңдаушылықты асыра бағаланған деп санайды.
NYT бұл шешім Украинаның өз позицияларын қорғауда тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және Ресейдің ықтимал шабуылдарының сәтті болу ықтималдығын төмендетеді деп жазады.
ТАРАПТАР РЕАКЦИЯСЫ
Украина президенті Владимир Зеленский бұл ақпаратқа байланысты армиясына ұзақ қашықтықта соққы беру мүмкіндігін беру – серіктестеріне ұсынған Жеңіс жоспарының маңызды тармағының бірі екенін айтты.
“Бүгін көптеген БАҚ бізге тиісті әрекеттерге рұқсат берілгенін айтып жатыр. Бірақ соққылар сөзбен жасалмайды. Мұндай нәрселер жария етілмейді. Зымырандар өздері-ақ бәрін айтып береді. Міндетті түрде” деп пікір білдірді ол.
Reuters агенттігі Украина жақын күндері АҚШ-тың ұзақ қашықтықтағы зымырандарын пайдаланып, Ресей аумағына соққы жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Ресей тарапы әзірге мұндай жауалыққа байланысты үн қатпады.