Қазақстан қысылған кезде Тәжікстаннан электр қуатын алатын болды

Сырым Қаржас

Қазақстан Тәжікстанда салынып жатқан Рогун гидро электр станциясынан электр энергиясын сатып алмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Екі ел арасындағы ынтымақтастық шарттары Тәжікстанның ресми құқықтық ақпарат порталындағы келісім жобасында жарияланған.

КЕЛІСІМ ШАРТТАРЫ

Келісімнің мерзімі 20 жылға жарамды, тағы 10 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Ал электр энергиясының құны ҚҚС-сыз бір киловатт-сағат үшін 0,034 долларды құрайды, бірақ транзит үшін қосымша үстеме төленеді, ол сатушының шығындарымен анықталады.

ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ

Қазақстанға әрбір жеткізу мерзімі үшін төлеуге 35 күн беріледі. Электр энергиясы тек жоспарлы тапшылық сағаттарында ғана жеткізіледі және «KEGOC» АҚ-ның күнделікті кестелеріне біріктіріледі.

Шекараға электр энергиясын тасымалдауды Рогун ГЭС-і қамтамасыз етеді. Келісімнің орындалуын бақылау Қазақстан тарапынан «Жаңартылатын энергия көздерін қолдаудың есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-не жүктелді.

Келіспеушіліктер туындаған жағдайда, тараптар оларды Сингапур халықаралық арбитражында шешуге келісті.

СТАНЦИЯ ТУРАЛЫ

Рогун гидро электр станциясы – Орталық Азиядағы ауқымды ұзақ мерзімді құрылыс жобасы. Құрылыс сонау 1976 жылы басталып, бірінші блок 2018 жылы ғана іске қосылды. Құрылыс аяқталғаннан кейін су электр бөгені әлемдегі ең биік (335 метр), ал станцияның өзі аймақтағы ең үлкен бөгет болады.