Қазақстанда крематорийлер мен колумбарийлер пайда болады, оларға қандай талаптар қойылмақ

Ғалиасқар Думан

Денсаулық сақтау министрлігі крематорийлер мен колумбарийлердің жұмыс істеуіне арналған жаңа санитарлық ережелерді бекітті. Бұл нысандар жерлеу қызметтері жүйесінің бір бөлігіне айналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Колумбарийлер, яғни күл салынған урналарды сақтауға арналған нысандар, арнайы бөлінген жер учаскелерінде орналасады. Олар зират аумағында немесе одан тыс жерде болуы мүмкін, бірақ тұрғын үйлерден, ауруханалардан, мектептерден және басқа қоғамдық орындардан кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы қажет.

Кремация арнайы жабдықталған ғимараттарда жүргізіледі. Мұндай ғимараттарда, мәйіттерді қабылдау және кремацияға дейін сақтау орындары, крематорий процесін жүзеге асыруға арналған арнайы бөлімдер, күлді өңдеу және урналарды сақтау орындары қарастырылған.

Сондай-ақ қайтыс болған адамның туыстары мен жақындары үшін қаралы залдар мен бейімделу бөлмелері ұйымдастырылады.

Қаралы орындардың жұмыс аймақтарынан оқшаулануына және барлық санитарлық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылады.

ПЕРСОНАЛҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Крематорий қызметкерлері сіреспе мен сібір жарасына қарсы вакцинациядан өтуі тиіс.

Арнайы киім киіп, қорғаныш құралдарын пайдалануы қажет.

Қызметкерлер үшін демалуға, тамақтануға және арнайы киімдерді сақтауға арналған қолайлы жағдайлар жасалады.

Жаңа ережелер санитарлық, экологиялық және мәдени талаптарды ескере отырып реттеледі.

Қазіргі уақытта бұл құжат "Ашық НҚА" порталында талқылауға шығарылған. Талқылау 2 желтоқсанға дейін жалғасады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КРЕМАТОРИЙ

Қазақстанда крематорий тақырыбы соңғы жылдары жиі талқыланып, денсаулық сақтау министрлігі крематорийлер мен колумбарийлердің жұмыс істеуіне арналған санитарлық ережелерді бекітіп келеді. Бұл ережелер крематорийлердің заманауи жабдықтармен жабдықталуын және барлық экологиялық, санитарлық талаптарға сай болуын көздейді. Крематорийлерде мәйіттерді қабылдау, сақтау, кремациялау, күлді өңдеу және сақтау бойынша толыққанды қызметтер ұйымдастырылатын болады. Қазақстандағы алғашқы крематорий Алматыда 2023 жылы іске қосылады деген ақпарат шыққан. Алайда нысанның құрылысы аяқталғанымен, әлі пайдалануға берілмеді. Крематорий қоғамды қақ жаратын тақырыптардың бірі, оның жұмыс істеуін қолдайтындар да, түбегейлі қарсылар да көп.