Ақсуда баланы зорлап өлтіріп, көміп кеткен: күдікті Ресейде ұсталды

Сырым Қаржас

Қазақстанның Бас прокуратурасы кәмелетке толмаған баланы зорлап өлтірді деп айыпталған күдіктіні Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ

Құзырлы органның хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланы алдын ала сөз байласу арқылы зорлағаны және оны өлтіруді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресейден Қазақстан азаматы экстрадицияланған. 

– Аталған тұлға 2008 жылы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған баланы зорлаған. Осыдан кейін күдікті жауаптылықтан қорқып, таныстарымен бір топ адам болып әрекет етіп, кәмелетке толмаған баланы күштеп көлікке отырғызып, ауылдық аймаққа алып кеткен. Жол бойында сыбайластардың бірі (бұрын адам өлтіргені үшін сотталған) жәбірленушінің мойнын ұстап, оны тұншықтырып өлтірген. Адам өлтіруді жасыру үшін қаскүнемдер кәмелетке толмаған баланың денесін далаға көмген, – дейді құзырлы орган.

Кәмелетке толмаған баланы зорлап, өлтірген күдікті қашып үлгерген. 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған сотталушыны қоспағанда, адам өлтіруге қатысы барлар әртүрлі жаза түрлеріне сотталған.

Өткен жылғы қыркүйекте ол Ресейдің Краснодар өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі уақытта Петропавл қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.