Тимур Сүлейменов қартайғанда қаржыдан қиналмау үшін не істеуге кеңес берді

Ulysmedia

Ұлттық банк төрағасы қартайғанда қаржы тапшылығын көрмеу үшін ақшасын қайда салатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қаржы реттеушісінің басшысы да басқа қазақстандықтар сияқты қартайғанда қалай өмір сүру керек екені туралы ойланатынын айтты. Ол журналистерге инвестицияға қатысты өз ұстанымын бөлісті.

– Меніңше, ең жақсы инвестиция – балаларға салынған инвестиция. Балалар ақылды әрі білімді болуы керек. Сондықтан олардың мектепке дейінгі және мектептегі біліміне, дамуына ақша аямау қажет. Спорт та міндетті түрде болуы керек, – деп бастады сөзін Тимур Сүлейменов.

Одан кейін Ұлттық банк басшысы қаржыға қатысты кеңестерін де айтты. Оның пікірінше, ата-аналар балаларына міндетті түрде «Келешек» бағдарламасы бойынша салым ашып, өздері үшін де жинақ депозитін қалыптастыруы керек.

– Зейнетақы жинағын да орынсыз жұмсамаған жөн. Барлық шешімді ақылмен қабылдап, күнделікті қызықтарға алданып қалмау керек. Жаңа телефон, жаңа теледидар, көлік деген сияқты. Меніңше, бұлардың бәрі – уақытша нәрсе, – деді ол.

Контекст

Қыркүйекте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық кірісі тамызбен салыстырғанда төмендеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы кіріс те инфляция деңгейінен төмен болды. Алайда Ұлттық банк мұны шығын емес, активтер құнының қайта бағалануы деп түсіндіреді.